Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша комиссия отырысы болып өтті. Жиында Кентау қаласында қыс мезгілдерінде жолдарды қардан тазалауға техникалардың дайындығының барысы жайында қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және ТҮ инспекциясы бөлімнің басшысы Т.Қасымбеков баяндады.
Бүгін де мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Группа Интеко» ЖШС-і қысқы мезгілде қала аумағын қардан тазалау жұмыстарымен айналысатын болады. Қазіргі таңда 800 куб құм мен 80 тонна тұз дайын тұр. Сонымен қатар, МКӘ бағдарламасы аясында жол жөндеумен айналысып жатқан мердігер мекеме «VIP Story Company» ЖШС-нің техникаларын қосымша жұмылдыру жоспарлануда.
«Қажет болған жағдайда ауа-райының өзгеруіне қарай жолдарды қардан тазалауға «Группа Интеко» ЖСШ-і тарапынан қосымша техника тартылатын болады» — деді сала басшысы. Қала басшысы қардың қалың жауғанын күтпей, қәзірден қажетті құралдар мен техниканы әзірлеуді, тұрғындарға қолайсыздық жағдайлар туындамау керектігін атап өтті.
Айта кетейік, «Группа Интеко» ЖШС-і мемлекеттік тапсырыстағы қаланың 54 көшесінің тазалық жұмыстарымен айналысады. Оның ішінде автомобиль жолдары мен жаяу жүргінші жолдарды, су ағатын лотоктарды, жасыл желектерді қоқыстан тазалау және қоқыстарды әкету жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі таңда мекемеде 9 арнайы техника және 42 қызметкер жұмыс атқарады.
Жыл сайын Бәйдiбек, Созақ, Түлкiбас, Төлеби аудандары мен Кентау қаласының тұрғындары әбiгерге түседi. Себебi, осы аймақтарда қар қалың жауып, жолды басып қалады. Осыған байланысты кешегi күнi сала мамандарымен қауiптi аймақтардың картасы жасалып, штаб мүшелерi осы аймақтардағы қысқа дайындық мәселесiн пысықтады.