Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов 2022 жылдың 9 айын қорытындылап БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Аталған шарада аудан басшысы ауданда 2 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын хабарлады.
Біріншісі — Шұбар ауыл округінен сиымдылығы 40 мың бастық ірі қара мал бордақылау кешенін жүзеге асыру. Жоба құны 20 млрд.тг. Нәтижесінде 800 азамат жұмыспен қамтылып, жылына 20 мың тонна ІҚМ еті өндірілетін болады. Жобаны 2022-2024 жылдары іске асыру жоспарланған.
Екіншісі — Қажымұхан ауыл округінен «Павлония» жеңіл ағаштарын өсіру жобасы. Жоба құны 1,2 млрд.тг. Жоба іске асқанда 10 адам тұрақты,
100 адам маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіледі. 5-ші жылдан ол алқапта 100 мың м3 ағаш өндірілетін болады. Өндірілген ағаштар жеңіл өнеркәсіпке (жиһаз, музыкалық аспаптар және кеңсе қағаздарына) қолданылатын болады. Жобаны 2022-2023 жылдары іске асыру көзделген.
Айта кетерлігі, алдағы уақытта «Батыс Қытай – Батыс Европа» автодәлізінің Бадам-Шұбар автожолының қиылысқан тұсындағы 400 гектар аумаққа жоспарланған бірегей кешенде автотұрақ, әкімшілік кеңсе, асхана, мұздатқыш қойма, құрама жем өндіру цехы, мал азығын сақтау орны, мал базары және 40 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары болмақ.
Жоба кешені логистика жүйесінің қолайлылығымен ерекшеленеді. Халықаралық автожол арқылы дайын өнімді 30 шақырым қашықтықтағы үшінші мегаполсике 20-25 минутта жеткізуге болса, тоңазтылған ет өнімдерін көршілес облыстар мен шет елдерге (Өзбекстан, Ресей) экспорттауда қолайлы темір жол желісі де аудан іргесінде тұр.
Ірі қара малды азықпен (жем,шөп) қамтамасыз ету үшін арнайы кешен аумағында құрама жем цехы орналастырылып, мал бордақылаушы шаруаларға төмендетілген бағада ұсынатын болады.Мал бордақылау алаңдарындағы ірі қара малдарға арнайы ветеринариялық лабораториядан тексерулерден тұрақты өткізіліп отырады. Дайын болған бұқашықтар мал сою бекетінде сойылып, бастапқы өндеуден өткізіліп, республика аумағымен шет мемлекеттерге экспортталатын болады.
Жоба бойынша 40 мың бас мал бордақылау алаңдарына шамамен 1 айналымда 36 мың тонна шөп, 48 мың тонна жем азығы қажет етеді. Бұл қажеттілікті ауданның егістік, шабындық алқаптарынан алынатын жем-шөп қоры қамтамасыз етпек.