Түркістан облысына Азия даму банкінің өкілдері келді. Олар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының трансұлттық дәлізінің әлеуетін пайдалану мәселелерін зерделеді. Осы мақсатта Түркістан облысындағы Сарыағаш, Мақтаарал, Келес аудандары мен аймақ экономикасының инвестициялық және көліктік-логистикалық әлеуетімен танысты.
Азия даму банкінің Қазақстандағы операциялары экономикалық әртараптандыруды, инклюзивті дамуды және орнықты өсуді қолдауға бағытталған. АДБ сонымен қатар Қазақстанның Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына белсенді қатысуын қолдайды. Айта кетейік, Азия даму банкінің өкілдеріне облыстың инвестициялық әлеуетін арнайы таныстыру сүйемелдеу жұмыстарын «Turkistan invest» инвестиция тарту және экспортты дамыту агентігі жүргізді.
Айта кетейік, былтыр Түркістан облысының туризм саласына 102 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы Республика көлемінде 1 орынға жайғасған болатын. Өткен жылы Керуен сарай көпфункционалды туристік кешені, «Ramada», «Emir Plaza», «Rich Hotel», «Grand Villa», Этнопарк Ресорт туристік объектілері пайдалануға берілді. Әлемнің көптеген мемлекеттеріне танымал Izi.Travel мобильді қосымшасына облыс аумағындағы 100 туристік нысанның аудиоақпараттары және координаттары туристік картаға енгізілген.
Биылғы жылы басқарма тарапынан өңірдің туризм саласын ілгерілетуге бағытталған «Karavan Statue Street Art» мүсіндер фестивалі, «Taiqazan» гастрофестивалі, «Батыр Батлс» фестивалі секілді жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ осы жылы ішкі туристердің санын 260 мыңға, шетелдік туристердің санын 7 мың адамға жеткізу көзделген еді. Жобалар кезеңімен іске асып келеді.