Сауран ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында отырып ойнау волейболы, тоқызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, дойбы спорт түрлерінен Аша елді мекені Т.Айтжанов жалпы орта мектебінің спорт залында спартакиада өтті.
Атаулы жарысқа Сауран ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ж.Жұмабекова, Шорнақ ауылдық округі әкімі Б.Баймұратов, облыстық мүмкіндігі шектеулі спорт клубы директорының орынбасары Б.Қалибеков қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, бүгінгі жарыстың мақсаты мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында бұқаралық спортты дамыту, спортқа деген қызығушылықты арттыру екендігін жеткізді.
Жарысқа Шымкент, Арыс, Кентау, Түркістан қалалары мен Ордабасы, Сауран аудандары және Шорнақ ауылының командалары қатысып, өзара кіл мықтыларды анықтады. Спартакиада қорытындысы бойынша 1 орынды Шымкент қаласы еншілесе, жүлделі 2-3 орындарды Ордабасы мен Сауран аудандары өзара бөлісті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы медальдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Естеріңізге салайын, биыл жыл басында Түркістан облысында мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы жұмысын бастаған еді. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт клубында 130-ға жуық спортшы бар. «Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандармен тығыз қарым-қатынас жасап, салауатты өмір салтын ұстанып, насихаттауда бірлесіп жұмыс атқарамыз. Спортқа жаны құмар жандардың басын қосып, бұқаралық спортты жандандыру бағыты дами түспек. Тек паралимпиада чемпионы атану үшін ғана емес, өңірдегі жігерлі тұлғалардың өмірге деген құштарлығын ашудың өзі жетістік. Биылғы жыл берекелі жылға айналсын», — деді сала жауаптылары. Атап өтсек, «Сауран» спорт клубының ұжымы «Olympic Center» спорт кешенінде орналасқан. Мұндағы паралимпиада, сурдлимпиада, үстел ойындары, арнайы олимпиада спорт бөлімдерінде 26 жаттықтырушы еңбек етуде.