Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты «Болашақ» мектеп-гимназиясында «Балалар жылы» қарсаңында және «Әрбір бала бір жұлдыз,жарқырауына көмектес» ұранымен ән байқауы өткізілді.Мақсаты жас ұрпақты қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу және патриоттық шығармалардың отандық авторларына атаулы қолдау көрсету, репертуарды патриоттық тақырыптағы жаңа музыкалық шығармалармен толықтыру, қазақстандық ән туындыларының бәсекелестік әлеуетін арттыру болып табылады.
Қазақ тілінде ән орындап, туған жерге деген сағынышын әнмен жеткізді. Іс-шара соңында ел, жер, туған өлке тақырыптарындағы әндерді үздік орындаған әншілер алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шара барысында барлық сынып оқушыларымыз қатысып, жүлделі орындармен марапатталды.
Еске салсақ, мұндай шара жуырда Түркістан өңірі бойынша да өткізілген болатын. Түркістанда Республика және Қала күні мерекелеріне орай жалпы орта білім беретін мектептердің оқушылары арасында қалалық ән байқауы өтті. «Түркістан – жүрегімнің төріндесің» тақырыбындағы сайысқа 2-11 сынып аралығындағы 20 оқушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Балалардың терең білім алуымен қатар, өнерге бейімдеу, бойларындағы талантты танып, ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған байқауда оқушылар «Түркістан», «Отан», «Туған жер» жайлы патриоттық әндер орындады. Байқау нәтижесінде М.Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Дінмұхаммед Алпыс бас жүлдеге ие болып, байқау жеңімпазы атанды.
Барлық қатысушылар Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің диплом және мақтау қағаздарына ие болды. Қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Акбар Исхаков пен қазылар алқасының төрағасы Емен Сәметов байқауды қорытындылып, жүлдегерлерге марапаттарын тапсырды.