Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы Шұғыла мөлтекауданында және Қарнақ ауылында жүріп жатқан инженерлік инфрақұрылым құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. Бүгінгі таңда Шұғыланың 6,7,8 көшелерінде жүріп жатқан құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.
Аталмыш көшелердің жарық бағаналары қойылып, газ, ауыз су жүйелері тартылуда. Сонымен қатар, жол құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 377 жеке тұрғын үй инфрақұрылыммен қамтылатын болады.
Қарнақ ауылы «Дүйім-Тума», «Қанайұлы», «Маклик» учаскелерінің инженерлік инфрақұрылымын салумен мердігер «Теплоэнергострой» ЖШС-гі айналысуда. Нәтижесінде ауылдағы 488 жеке тұрғын-үй электр желілерімен қамтылатын болады. Қала басшысы аралау барысында тиісті сала басшыларына құрылыс жұмыстарын ұдайы бақылап отыруды тапсырды.
Айта өтсек, Кентауда жер асты суларын төмендету жүйесін салу жобасының бірінші кезеңі аяқталуға таяды. Бірегей жобаның барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндалды. Кенді шаһарда салынып жатқан жер асты суларын төмендету жүйесі толық жүзеге асқан соң Кентаудағы апаттың алдын алу мәселесі шешіліп, жиналған су тиімді пайдаланылмақ. Тартылған су «Қосқорған» су қоймасына құйылады. Түркістан өңіріне қосымша 70 млн. м3 дейiнгi ағын су жеткізілетін болады.
Жоба аясында бұрынғы шахтаға түсетін ғимараттың ішіне 60 м тереңдікте 11 сусорғыш орнатып, «Кеншілер» саябағында орналасқан бетонды арыққа құю арқылы қала ішімен алып өту қарастырылған. Нәтижесінде Кентауда жасанды көл пайда болады. Жоба бойынша 1,5 мың шақырым жол қазылып, 5,5 шақырымға құбыр жүргізілді.
Айта кету керек, бүгінде Кентаудың инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келеді. Соның бірі ретінде жуырда ғана қалаға тартылған көгілдір отынды айтуға болады. Табиғи газ әзірге 20 мыңға жуық абономентке жеткізіліп отыр. Алдағы 2 жылда қаладағы және оған қарасты барлық ауыл тұрғындары толығымен көмір жағып, күл шығарудан құтылады.