2021-2025 кəсіпкерлікті дамыту Ұлттық жобасы аясында Шардара ауданында өз кәсібін ашуға қызығушылық танытушылардың қатары артып, жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеп келеді.
Мәселен шардаралық Әсел Мүйтенова өткен жылы 583 мың теңге мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін бастаған. Айтуынша осыған дейін де ағайын-туыс пен көрші-қолаңның өтініші негізінде тапсырыс алып, үй жағдайында тәттілер әзірлеп келген. Деседе мемлекеттік бағдарламаға қатысып, құрал жабдық жаңартуды көздепті. Бизнес жоспарды әзірлеген тұрғынның жобасы мақұлданған . Осылайша Əсел грант қаржысына қысқатолқынды пештер мен тоңазтқыштар сатып алған. Қосымша өз қаражаты есебінен де қажетті заттарын түгендеп, кондитерлік кәсіппен кеңінен айналысуды қолға алыпты.
Бүгінде «Жансу тәттілері» деп аталатын дүкен ашып, өнімдерін саудалауда. Заман талабына сай әлеуметтік желілер арқылы да тұрғындардан тапсырыстар қабылдап отырады. Тәттіге деген тұрғындардың сұранысы да жаман емес,-дейді жеке кәсіпкер.
Аудан әкімінің тапсырмасына орай жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің жергілікті жерлердегі тұрғындарға мемлекеттік бағдарламаларды дұрыс түсіндіріп, қызығушылық танытушылармен тығыз жұмыс жүргізуінің нәтижесінде бүгінде ауданда қайтарымсыз қаржыға кəсібін ашқандардың жыл санап артып келеді.
Айта кетейік, Шардара аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары берген ақпаратқа сәйкес, өткен жылы мемлекеттік грант алуға өтініш білдірген 180 азаматтың 130-на тиісті комиссия тарапынан оң шешім шығарылған. Ал, биылғы жылдың басынан бері 102 шардаралық шаруаларын дөңгелетіп, кәсібін ашу үшін құжат тапсырған. Бұл сан өзгеруі де мүмкін. Себебі комиссия шешімі шыққан тұрғындар өз кәсібін бастап та кетуі әбден мүмкін.
Сонымен қатар, қала тұрғындарынан бөлек ауыл азаматтары да грантқа қол жеткізіп, отбасылық бизнесті жолға қойған. Олардың басым бөлігі құрылыстық қарқын алуына байланысты пластик есік-терезелер жасаса, көлік санының артуына қарай техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашқан.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы – бірінші кезекте елдегі жұмыссыздың деңгейінің төмендеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсіл болмақ.
Осылайша ауданда жеке кәсіпкер саны артып, өз-өзін жұмыспен қамтитын азаматтарда көбейеді. Бұл өңірдің экономикасына оң ықпал етері сөзсіз түсінікті.