Балықты жасанды өсіру бойынша 5 мың тонна (68,7%) өндіретін Түркістан облысы елімізде көшбасшы болып саналады. Ал Алматы облысында шамамен 1000 тонна (12,8%), Солтүстік Қазақстан облысында 380 тонна және Шығыс Қазақстан облысында 300 тонна балық өсіріледі. Түркістан облысында тауарлы балық (акваөсіру) өсіруге жарамды 134 көл бар, жалпы алаңы – 25 475 гектар. Оның ішінде 23 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген, қосымша 21 су айдыны конкурсқа қойылған. Бүгінгі таңда, өңірде балық шаруашылығымен 68 кәсіпорын айналысады, жылдық қуаттылығы 8 мың тоннадан астам. Оның ішінде ірі 3 кәсіпорын – Шардара ауданындағы жылдық қуаттылығы 5 мың тонна «Хамит» АӨК, Сайрам ауданында «Көмеш балық» ЖШС (жылдық қуаттылығы 900 т), Түлкібас ауданында FIRST FISH COMPANY ЖШС (жылдық қуаттылығы 800 тн) жұмыс істейді. Өңірде балық өнімінің экспорты да арта түсуде. Мысалы, өткен жылы 3 156 тонна балық өнімдері Әзербайжан, Грузия, Израйль, Ресей, Кытай, Өзбекстан елдеріне экспортталса, биылдың 8 айында 1 690 тонна өнім шетелге жөнелтілді.
Бұл саланы дамытуға мемлекет тарапынан, жергілікті бюджеттен көрсетіліп келе жатқан қолдаулар да аз емес. Балық шаруашылығына пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-ын субсидиялау бюджеттік бағдарламасы осы саланың дамуына оң ықпалын тигізуде. Өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 331,7 млн теңге қаржы есебінен 2 858 тонна азық субсидияланып, 1 229 тонна балық өндірілce, биыл 350 млн теңге қаржы бөлініп 5 739 тонна азық субсидияланған. Биылғы 8 айда 1 511 тонна балық өндірілді, тиісінше салық түсімі 45,2 млн теңге болып, өткен жылдан 3 есеге артқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл тамыз айында қолда бар мүмкіндіктерді дамыту қажеттігін атап өтіп, қараша айына дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді жүктеген болатын. Сондай-ақ Президент Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырды.
Балық саласы – ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. Ресми деректерге жүгінсек, 5 жыл ішінде отандық балық өндірісі 2016 жылғы 1800 тоннадан биыл жоспарланған 10 мың тоннаға дейін 5 еседен астам өскен. Тек соңғы 8 айда ауланған және өндірілген балық көлемі 26,3 мыңнан 31,3 мың тоннаға дейін ұлғайды. Балық өндірісінің көлемі 27%-ға – 7,9 мың тоннаға дейін, балық аулау 16,4%-ға – 23,4 мың тоннаға дейін өскен. Ішкі нарыққа балық өнімдерін жеткізу көлемі 8,7 мыңнан 10,5 мың тоннаға дейін артып отыр. Еліміз мұхит балығы мен теңіз өнімдерін импорттайды. Яғни майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия және басқалары Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен келеді.
Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын шамамен 60 млн доллар сомасына 36 жақын және алыс шетелге 30 мың тоннаға жуық балық өнімдерін экспорттайды екен. Елімізде мыңнан астам балық шаруашылығы субъектілерінде 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оларға 1 646 балық шаруашылығы су айдыны мен учаскелері бекітілген. Өткен жылы 45 мың тонна балық ауланған. Кейінгі 7 жылда елімізде өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 мың тоннаға дейін өскен. Балық өсірумен айналысатын 180 шаруашылықта 1 126 адам жұмыс істейді.