Түркістан облысы Созақ ауданының тұрғыны тауықтың ерекше түрін көбейтіп келеді. Өмірбек Жұмабаевтың үйі шағын құс фермасы секілді. Алғашында мұны қызығушылықпен бастаған ол кейінгі жылдан бері табыс көзіне айналдырған. Қазір Джерсий гигент деп аталатын 9 тауығы бар. Америкалық тұқымның әр қайсы 5-6 келіге дейін ет береді. Ал немістің Белефельдер тұқымы тұрқы жағынан біздің тауықтардан шағындау. Бірақ мойыны мен құйрығының ұзындығы қырғауылға көбірек ұқсайды. Ресейлік тауықтың да бірнеше түрі кездеседі. Кученский, Брикель қанаттыларының саны 20-дан асады. Хамгор қазы мен Тауыс құсын да осы жерден көруге болады. Кәсіпкер тауық жұмыртқасын үйде арнайы аппаратқа салып, балапан өргізеді. Қазір арнайы орын-жайларда жүзге жуық балапан өсіп жатыр. Басы артық жұмыртқаны құсқа қызығушылар сатып алатынын айтады.
– «Мен мысалы, қызығып, шетелден, басқа қалалардан алдырамын. Құс асырайтын ағаларымыз бар солардан құсың жұмыртқасын қымбатқа сатып аламын. Сосын өзімнің аппаратыма салып аштырып, көбейтемін. Одан шыққан жұмыртқаларды елге сатамыз. Көбейту үшін жұмыртқаны да, балапанды да сатып алады. Қызығатын адам ақшасына қарамайды, алады. Құстың тұқымына қарайды, құсты танитын адамдар болса, біледі», дейді Созақ ауданының тұрғыны Өмірбек Жұмабаев .
Ал, Созақ ауданы Жартытөбе ауыл округіне қарасты, Аққолтық елді мекеніндегі Амангелді Ерсін Ерболұлы «Жарнама дамыту» орталығын ашқан еді. Орталық түрлі бұйымдар шығарады. Жарнама саласында табысты қызмет көрсетіп жүр. Одан бөлек оқушыларға қажетті линейка (сызғыш) шығарады. Бұл ауыл үшін емес, аудандағы жаңа бастама, тың кәсіп екенін айта кетуіміз керек.
Мемлекет тарапынан қолдау болса, кәсібімізді ары қарай дөңгелетуді жоспарлап отырмыз. Ашылғанымызға көп уақыт болмасада аудан көлемінде көптеген тапсырыстарды орындадық. Дүкен, кафе, елді мекен қақпасына жазулар, линейка (сызғыш) шығарамыз. Шежірені безендіріп жасаймыз. Алда қаламсап, әшекей бұйымдарды жөндеу сынды бағытты жұмысымызды жандандырсақ деп отырмыз,- дейді Ерсін Ерболұлы.
Айта өтсек, Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар. Олар Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан және Кентау қаласында орналасқан. Индустриалды аймақтарда құны 24,054 млрд. теңге болатын және 2614 жұмыс орнын құрайтын 56 жоба орналасқан. Оның ішінде құны 15,542 млрд. теңге болатын және 2087 жұмыс орнын құрайтын 40 жоба іске қосылып, жұмыс атқаруда. Биыл 266 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 7 жобаны іске қосу межеленген.