Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен бірыңғай қабылдау өткізді. Бастама облыстың оңтүстік аудандарында өтті. Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарының 200-ге жуық тұрғыны көкейдегі ойларын, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімімен бірге тұрғындарды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Әбілсейіт Дүйсебаев, Түркістан облыстық прокурорының орынбасары Саян Келдібеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қожахметов, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Оркен Балажанов, Түркістан облысының Қорғаныс істері департаментінің бастығы Нұрмахан Дүйсебаев,
Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Қайрат Бектембаев,
аталған аудандардағы сот төрағалары және департамент басшылары қабылдады. Елдің арыз-шағымы мен өтініштерін тыңдады. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі түйткілдердің түйіні тарқатылды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес өткен кездесуде тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер қозғалды. Өңір басшысы әрбір ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін айтты.
— Бүгін өздеріңізбен жүздесу үшін арнайы келдік. Өңірдегі барлық басқарма мен департаменттердің басшылары, құқық қорғау органдарының бастықтары да осында. Көтерілетін мәселелерді заң аясында шешуге, түсіндіруге келді. Мақсат — қордаланған мәселелер бойынша өтініш, арыз, ұсыныстарды тыңдау. Барлық сала бойынша өтініш қабылданады. Проблеманы ашық айтуға мүмкіндіктеріңіз бар, — деді Дархан Сатыбалды.
Шардара, Жетісай, Мақтааралдағы бірыңғай қабылдауларда әр түрлі себептермен қиын жағдайларға тап болып, жәрдем сұрап келгендердің тізімі алынып, шешу жолдары қаралды. Тұрғындар тарапынан жер телімдерін заңдастыру, білім саласы, жеке кәсіпкерлік саласы, әлеуметтік қолдау, білім және өзге де салалар бойынша мәселелер көтерілді. Сот шешімдерімен келіспеушілік туралы сұрақтар аз болған жоқ. Барлығының шешілу жолы заң шеңберінде қаралып, мәселелер тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты саралана отырып хаттамаға енгізілді. Жеке мәселесін қозғап келген тұрғындарға шешім реті мен заңдылығы түсіндірілді.
Жетісай ауданының тұрғыны Марат Ділдәбековтің айтуынша, осындай ашық диалогтың маңызы зор.
— Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауында болып, дренаж мәселесін көтердім. Қанағаттанарлық жауап алдым. Өтініш бойынша жұмыс жүретінін, мәселе бақылауға алынатынын айтты. Бүгінгідей бірыңғай кездесулерді жиі өткізіп тұрған жөн. Орынды бастама. Халықтың алдына басшылар өздері келіп, арыз-шағымдарын қабылдады, — дейді ол.
Ералиев ауыл округінің тұрғыны балабақшаларды қаржыландырудағы кемшіліктерді айтты.
— Ауданға басшылардың келетінін естіп, облыс әкімінің қабылдауына жазылдым. Өтініш кедергісіз қабылданды. Сұрағыма тиісті жауап алдым. Көңілім толды, — дейді ол.
Жалпы үш аудан бойынша 200-ге жуық тұрғынның өтініштері қабылданды. Тұрғындар түрлі мәселелерді көтеріп, басшылармен еркін пікір алмасты. Ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, нақты жұмыс жүреді.