Түркістан облысы, Сауран ауданында автожолдарға ағымдағы және орташа жөндеу, бағдаршам және жол белгілерін орнату, веложолдар, аяқжолдар мен суағарлар салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы биыл 36 шақырымды құрайтын автожолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Негізінен аудан бойынша аудандық маңызы бар 119,3 шақырым автомобиль жолы бар. Оның 68 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 625 шақырымды құрайды. Оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар 403 шақырым.
Қазіргі таңда КХ-58 «КХ-84 Нұртас-Шорнақ-Бабайқорған» 27-31,2 км автомобиль жолын орташа жөндеу, жарықтандыру, аяқжол және суағар салу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан мектептердің алдына жасанды жол кедергілері мен жол белгілері орнатылуда.
Айта кетейік, 2023 жылы ауданға қарасты аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, сараптамалық қорытындысымен сметалық құжаттама әзірленуде.
Түркістан облысында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қадағалуында тұр. Бұл ретте Сауран ауданында да жұмыстар жүріп жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Сауран ауданындағы жалпы ұзындығы 15 шақырымды (Ойық ауылымен Ащысай ауылының арасы) құрайтын облыстық маңызы бар КХ-56 «Жамбыл облысының шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай — Р-31» автомобиль жолының 76-91 шақырымы аралығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық пайдалануға берілді. Құрылысын «Шымкентдорстрой» ПК» ЖШС жүргізді. Жөндеу жұмыстары кезінде ескі асфальт қабаты алынып, үстіне 2 қабат асфальт жабындысымен жаңартылды. Жүргізілген жұмыстардың сапасы тапсырыс беруші, техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» МКК және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК тарапынан тұрақты бақылауда болды.