Түркістан облысы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен үш тілді қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген әр түрлі сала мамандарын анықтау және қолдау, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау мақсатында «Қазақстан халқы тілдері» күніне орай «ТІЛ ШЕБЕРІ» облыстық байқауы өткізілді.
Сайысқа Жетісай ауданынан қатысқан Балқыбаева Нұрбақыт Асылбекқызы белсенді қатысып, жүлделі І орынды иеленген болатын. Байқауда оза шауып, жүлделі орын алған жеңімпазға Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейдалиев Еркебұлан Құттыбайұлы өз ризашылығын айтып, тәуелсіз еліміздің дамып, көркейе беруіне, ауданымыздың білім сапасы деңгейінің биіктен көрінуіне үлес қоса беретіндігіне кәміл сенім білдіріп, алғыс хат табыстады.
Шараның мақсаты — үш тілді — қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру. Жастар арасында тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық рухани бірлікті нығайту.
Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілген байқауға облыс бойынша сала мамандары қатысты.
Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінің терең сырларына үңіліп, білімдері мен біліктіліктерін көрсетуге келген үміткерлер конкурстың «Сөзтаным», «Ойтаным» және «Елтаным» кезеңдерінде бақтарын сынады.
Байқаудың бірінші кезеңнің шарты бойынша үміткерлер мәтіннен көнерген сөзді тауып, мағынасын ашса, екінші кезеңде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақ жері және оның аймақтары жөніндегі сұрақтарға орыс тілінде жауап беріп, үшінші кезеңде еліміз туралы сұрақтарға ағылшын тілінде жауап беріп,тілдерді меңгеру деңгейлерін көрсетті.
— Қатысушылар байқаудың талаптарына сәйкес «Елтаным» кезеңінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақтың жері және оның аймақтары туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баяндау, «Сөзтаным» кезеңінде қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді оқып, орыс және ағылшын тілдерінде мағынасын ашу, «Ойтаным» кезеңінде берілген тақырып бойынша қазақ тілінде эссе жазу сияқты тапсырмаларды орындау арқылы сынға түсті, — дейді ұйымдастырушылар. Үміткерлердің білімдері мен өнерлерін жергілікті қазылар алқасы бағалап, тілдерді меңгеру деңгейіне, үш тілдегі орфоэпиялық нормалардың дұрыс дыбысталуына, жауаптардың нақтылығы мен дұрыстығына, үш тілде таза сөйлеуіне, сауатты жазу шеберлігіне мән беріп, шешімдерін шығарды.