Бокстан Иорданияның Амман қаласында кезекті Азия чемпионаты өтіп жатыр. Дүбірлі сында Қазақ елінің спортшылары өте сәтті жұдырықтасуда. Команданың қарқыны керемет. Олардың арасында Түркістан облысының өрендері – Сәкен Бибосынов пен Сағындық Тоғамбай да бар.
51 келіде сынға түскен Сәкен Бибосынов алғашқы жекпе-жекте үндістандық Кумар Спаршты жеңсе, екінші кездесуінде малайзиялық Каюм Ариффинді тізе бүктірді. Ал 86 келіде жұдырықтасқан Сағындық Тоғамбай тәжікстандық Навруз Джафоевты 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Мырзағали Айтжановтың қос шәкірті Азия чемпионы атануға бар күштерін салады.
Ерлер ұлттық құрамасынан Санжар Ташкенбай (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмуд Сабырхан (54 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Саматәлі Төлтаев (60 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Сағындык Тоғамбай (86 кг), Айбек Оралбай (92 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) сынды спортшылар жартылай финалға шықты.
Қазақстан әйелдер құрамасынан Алуа Балқыбекова (48 кг), Назым Қызайбай (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Мадина Нұршаева (66 кг), Дариға Шакимова (70 кг), Гүлсая Ержан (81 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) да жартылай финалдан ойып тұрып орын алды.
Жарыстың кезекті күні әйелдер арасындағы жартылай финалдық кездесулер өтті.
Нәтижесінде 4 боксшымыз алтын жүлдені сарапқа салады, ал қалған 5-еуі қола жүлдені қанағат тұтады. Бұл жөнінде Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы хабарлады. Жерлестеріміз арасынан ең бірінші боп шаршы алаңға жеңіл салмақтағы екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай шықты. Бірақ ол жапониялық Намики Цукимиден басым түсе алмады. Ауыр салмақтардағы Мәдина Нұршаева мен Ләззат Кунгейбаеваның да жолы болмады. Ал 54 келіде сынға түсіп жатқан Жайна Шекербекова өзінен бойы да, қола да ұзын Тайвань қызын ұтып, ақтық сынға жолдама алды.
Ал кешкі сессияда қазақ қыздары салыстырмалы түрде сәтті өнер көрсетті. Алдымен жеңіл салмақтағы Алуа Балқыбекова өзбекстандық Фарзона Фозилованы айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 5:0. Ал әлем чемпионатының қола жүлдегері қазақстандық Карина Ибрагимова олимпиаданың күміс жүлдегері филиппиндік Нести Петесионы жеңді. Каринаның финалдағы қарсыласы да мықты. Ол олимпиада чемпионы атанған жапон қызымен жолығады. Каринаның жеңіс жолын 81 келідегі Гүлсая Ержан жалғастырды. Ол Вьетнам қызын 5:0 есебмен ұтты.
Ал Жазира Орақбаева мен Дариға Шәкімова жартылай финалда қарсыластарына есе жіберіп, қола жүлдегер атанды. Ал бүгін жігіттер арасындағы айқастар өтеді. Қайрат Сәтжанов баптайтын 12 боксшымыз жыртылай финалға шыққан болатын. Азия чемпионатының жалпы қорытындысы 13 қарашада белгілі болады.