Бүгін Төлеби ауданының 90 жылдығына және Леңгір қаласы күніне орай Төлеби баба стелласы салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді.
«Сүйікті қалам Леңгірім» атты мерекелік іс-шараға аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев сөз сөйлеп, қала халқын мерекемен, көрнекі нысанның ашылуымен құттықтады.
Экспозициялық кешенде Төлеби бабаның сурет бейнеленіп, нақыл сөздері жазылған. Стелланың ұзындығы — 18,5 метр, биіктігі — 4,5 метр.
Мерейлі мерекеде аудандық мәдениет үйінің әншісі Милана Юлдашева «Менің Леңгірім» әнін әуелетсе, аудандық әжелер кеңесінің мүшелері, ақ кимешек киінген әжелерден құралған «Данагүл ана» ансамблі әсем әндерін қала күніне арнады.
1897 жылы орыстың атақты тау-кен инженері Р. Д. Романовскийдің шәкірті, ұлты неміс геологы Густав Шварцтың барлау экспедияциясы Момынайға келіп, көмір қорын зерттейді, нәтижесінде шахта ашылып, іске қосылады. Көмірді игеруді қолға алған кездері аудан аумағына бірнеше орыс отбасы көшіп келген еді. Бұл орыстардың жұмысқа жарамдыларының бәрі шахта ісіне тартылады. Шахта «Ленгерская шахта» деп аталып, тұрғындар алғаш бой көтерген өз селоларын «Село Ленгерское» деп атайды. 1934 жылы Ленгір ауданының орталығы Беловод селосынан Георгиевка селосына көшіріледі, соған байланысты аудан атауы Георгиевка ауданы болып өзгертіліп, орталығы Георгиевка селосы болып қалады. 1956 жылы аудан орталығы Ленгір қаласына көшіріліп, аудан атауы да өзгертілді. Ал, Ленгір қаласы өз атауына 1945 жылы ие болды. 1900 жылдан бастап 1974 жылдар аралығында Ленгір қаласының өсіп-өркендеуіне осы шахта айтарлықтай үлес қосты.
Ленгер қаласы бүгінгі Төлеби ауданының орталығы болып саналады. Қалада ауданның барлық әкімшілік ресурстар, ірі өндіріс орындары, сауда орталықтары орналасқан. Халқының саны 27760, тұрғын үй саны 7191, 7461 отбасы бар. Сегіз жалпы орта мектеп, бір дарынды балаларға мектеп интернаты, үш мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп интернаты, бір бастауыш мектеп бар. Қалалық емхана мен аурухана, 2 ФАП қызмет көрсетеді. Бүлдіршіндерге арналған 11 балабақша қала аумағында орналасқан. Қалада 107 көпқабатты тұрғын үйлер, 6 спорт кешені бар.
Аудан орталығы – Ленгер қаласының атауына қатысты көптеген қызықты мәліметтер бар. Ленгір (Ленгер) этимологиясының сыры әлі күнге дейін бір ізге түскен жоқ. Себебі, бұл атауға қатысты, ғылыми ортада да талқылауға алынбаған. Дегенмен, халық арасында оның бірнеше нұсқасы бар.
Бұрынғы кездері Ленгір (Момынайсу) өзенінің жағасы қалың қамыс пен жыңғыл, тікенекті ағаштарға бай болған. Сондықтан оны «Іліңгір сай», кейін осы сөз жалғыз «Іліңгірге» айналыпты. Ал тағы біраз уақыт өткенде «Іліңгір» қазақтың жалпақ тіліне орай «Ленгір», орысша нұсқада «Ленгер» аталыпты.




