25 қазан — Республика күніне орай Кентау қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жыл бойына ерікті болып көзге түскен белсенді жастар марапатталды. Кентау көпсалалы колледжі жанынан құрылған «Мейірім» ерікті жастар клубының жетекшісі А.Тойшиева және белсенді ерікті жастар Ш.Нұрғалиұлы, М.Серікұлы, М.Нұрланқызы, Е.Шерікбайұлы алғыс хат пен естелік сыйлықтарға ие болды. Адамға риясыз қызмет ету арқылы өзін де, өзгені де бақытты еткен волонтерлер – қоғамдағы мейірімділіктің көрінісі.
Қазақстанда 2020 жыл ҚР Президентінің жарлығымен – «Волонтерлер жылы» деп жарияланды. Сондай-ақ, ерікті ретінде қызмет көрсететін студенттердің стипендиясы 30 пайызға өсетіні айтылған болатын. Волонтер жылы аясында Түркістан облысында сабақтастық, саулық, асыл мұра, таза әлем, қамқор, білім, үміт бағыттары бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақстан волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты, вирустық инфекцияның таралуын тежеу мақсатында облыс жастары мен еріктілер аудан, қалалардағы көмекке мұқтаж топтарға көмек көрсету жұмыстарын жүргізді. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен волонтер жастар бірлесе отырып, Кентау, Арыс, Шымкент қалаларындағы және Сайрам, Төле би аудандарындағы отбасылық үлгідегі балалар үйлері мен мектеп-интернаттарға барды. Онда жастар COVID-19 вирусынан қорғану шаралары жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, балалар үйіне медициналық залалсыздандыру сұйықтықтары және тазартқыш құралдарын, сондай-ақ қорғаныс бетперделері мен дәрі-дәрумендер сияқты қазіргі жағдайда аса қажетті заттарды таратты.
Бұдан бөлек, «Сабақтастық» жобасы аясында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жүректен -жүрекке!» шарасы өткізілген. Түркістан қаласындағы көмекші мектеп-интернатының ерекше оқытуды қажет ететін тәрбиеленушілеріне арналған шараға Р. Сейтметов атындағы сазды драма театрының «Тарлан» вокалды инструменталды ансамблі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Актерлік өнер» мамандығының белсенді мүшелері және облыстық «NGL» еріктілер мектебінің жастары қатысып, жанды дауыста концерттік бағдарлама, театрландырылған көріністер, пародия, қуыршақ персонаждарының қатысуымен көңілді кештер ұйымдастырды.
Түркістандық еріктілердің тағы бір қолға алған жобаларының бірі – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза әлем» жобасы. Жоба аясында биыл Түркістан қаласында «Мейірім шуағы» акциясы ұйымдастырылды. Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен ерікті жастар коммуналдық және құрылысшы жұмысшыларға қамқорлық акциясын өткізді.
Бұдан бөлек, волонтерлардың қатысуымен «Жастар таза қала үшін!» плоггинг өткізілді.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында «ЭКО әлем» атты үстел ойындары ұйымдастырылды.
Түркістандық ерікті жастар «Судың да сұрауы бар» атты жаңа жобаны жүзеге асырды. Басты мақсат – көпшілікті ауыз суды үнемді қолдануға шақыру. Жоба аясында жастар мемлекеттік мекемелерге, орта арнаулы оқу орындарына, жоғары оқу орындарына және халық тығыз шоғырланған жерлерде суды үнемдеу жолдары жазылған арнайы брошуралар таратты. Мейрамханалар мен дәмханалардағы қол жуатын, су тұтынатын жерлерге арнайы жадынамаларды жабыстырды.




