Ежелгі өркениеттер мен ірі көлік «артерияларының» қиылысында орналасқан Түркістан ғасырлар бойы Еуразия құрлығының аса маңызды мәдени-тарихи және рухани орталықтарының бірі болып қала береді. Орталық Азияның ежелгі қалаларының бірін жаңғырту және оның рухани және сауда орталығы ретіндегі маңыздылығын қалпына келтіру Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысын құру туралы шешімінің негізі болды. Бұл шешім тарихи және мәдени тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар аймақ үшін экономикалық драйвер ретінде де маңызды болды.
Бүгінгі таңда тиімді мемлекеттік қолдау мен қабылданып жатқан шаралардың арқасында өңір экономиканың барлық негізгі салаларында өсуге қол жеткізді, бизнесті табысты жүргізу үшін қолайлы жағдайлар қалыптасты — инвесторлар құқығының басымдығында, инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау және сүйемелдеу көрсетілуде. Құнарлы жердің болуы, пайдалы қазбалар көздері мен ерекше климаттық жағдайлар Түркістан облысын басқа өңірлермен салыстырғанда ерекшелеп, аграрлық секторды, ЖЭК, жер қойнауын пайдалануды, сондай-ақ туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының бәсекелестік артықшылығы Ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолайлы климаттық жағдайлар болып табылады. Облыс ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны бойынша Қазақстан Республикасы бойынша жетекші орында, бұл 3,5 мыңнан астам кәсіпорын және 68,9 мың фермерлік шаруашылық. 2021 жылдың 10 айында АӨК өнімдерінің жалпы шығарылымы 805,3 млрд.теңгені құрады, бұл ретте облыс мақта, бақша, көкөністер мен жемістердің жалпы түсімінің ең көп көлемін шығарады. 2021 жылғы қаңтар-қазанда ауыл шаруашылығының өсу қарқыны 2020 жылғы ұқсас кезеңдегі пайыздық арақатынаста 100%-ды құрады. Алдағы 5 жылда өңірдің АӨК инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 138,4 млрд.теңгеге 136 жоба бар, оларды іске қосу ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 1,3 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қоңыржай континенталды климат, құнарлы жерлердің едәуір үлесімен қатар орташа жылдық жоғары температура «жасыл технологияларды» енгізе отырып, шаруашылық қызметті жүргізуге ықпал етеді. Мәселен, Түркістан облысы ЖЭК саласындағы жобаларды іске асыру үшін еліміздегі ең қолайлы өңірлердің бірі болып табылады.
Аймақ барит, көмір, темір және полиметалл кендері, бентонит саздары, вермикулит, тальк, әктас, гранит, мәрмәр, гипс, кварц құмдары сияқты пайдалы қазбаларға бай. Уран қоры бойынша облыс бірінші орынды, фосфориттер мен темір кендері бойынша үшінші орынды, тұз бен натрий хлоридін өндіру және қайта өңдеу бойынша республика бойынша бесінші орынды алады. Облыста полиметалл кен орындары бар (Кентау қаласы ауданындағы Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейі, Ащысай, Байжансай, Мирғалымсай кен орындары және т.б.). Қаратау жотасының темір рудасының кен орындары жақсы байытылған, құрамында темір көп. Облыста сондай-ақ құрылыс материалдарын (әктас, гипс, кварц құмдары, отқа төзімді қыш және бентонит саздары, минералды бояулар, ұсақ тастар, травертин) өндіруге арналған минералдық-шикізат ресурстары бар.
Сонымен қатар, облыста туризм саласын дамыту Мемлекет басшысы белгілеген басты міндеттердің бірі болып табылады. Бірегей сәулет-тарихи және археологиялық ескерткіштері, таңғажайып табиғаты мен өзіндік мәдениеті бар Түркістан өңірі өңірлік және халықаралық деңгейде туризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие. Облыс аумағында ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының 6 объектісі орналасқан, Түркістан қаласы республикалық деңгейдегі топ-10 негізгі дестинациялардың қатарына қосылды. Соңғы жылдары туристер санының тұрақты өсуі байқалады: 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Түркістанның тарихи орталығына 1,2 миллионнан астам адам келді.