Кентау қаласы әкімдігінің ғимаратында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның ақпараттық түсіндіру жиыны өтті. Жиынға қала әкімдігіне қарасты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері және жеке кәсіпкерлер қатысты.
Ақпараттық жиынға қатысушылардың сауаттылығын арттыру және оларды жинақтаушы жүйесіне тарту бығытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар тарапынан жүйеге қатысты сұрақтар қойылды.
«Президент Жолдауда зейнетақы жүйесін қайта іске қосу қажеттігін айтты. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарысын 120 пайызға дейін жеткізу қажет. Бұрын қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді»,- деді жиналғандар.
Айта кетейік, Қордың негізі қызметі – міндетті зейнетақы жарналары мен кәсіптік жарналары есебінен берілетін зейнетақы төлемдерін ай сайын жүзеге асыру. Соның нәтижесінде зейнет жасына жеткен әрбір тұлға ай сайын тұрақты түрде ақшалай төлем зейнетақысын кідіріссіз алып отырады.
Осы жылдың 9 айында қазақстандықтарға 2,2 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда биылғы қыркүйекте республикалық бюджеттен зейнетақы төлеміне 244,8 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 74,5 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 170,3 млрд теңге бөлінді. 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 261мың адам. 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 109 171 теңге болды. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.