Ордабасы – Түркістан облысындағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Игі іс көптің тарапынан оң бағасын алып жатыр.
Алдымен өткен жылдың көрсеткішіне тоқталсақ. Былтыр аудан бюджеті 22 млрд 541 млн теңгеден 30 млрд 559 млн теңгеге артқан. Оның ішінде ауданның кірісі 1 млрд 807 млн теңгеден 3 млрд 39 млн теңгеге өсті. Жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа да төлемдер 9 айдың қорытындысымен 2 млрд 139 млн теңгені құрап, жоспар 105%-ға артығымен орындалған. Бюджеттің шығыстар бөлігінде жоспарланған 23 млрд 731 млн теңге толықтай игерілді. Жоғары бюджеттен берілетін трансферттер ағымдағы жылдың 9 айында қосымша 6 млрд 448 млн теңгеге дейін ұлғайғанын да айта кету керек.
Аудан экономикасының жетекші бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Ордабасыда аталған саладағы жалпы өнімнің көлемі 9 айда 50 млрд 372 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 млрд 381 млн теңгеге дейін ұлғайған. Осылайша нақты көлем индексі 101 пайызды құрап отыр. Өңір мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жыл қортындысымен өнім көлемін 63 млрд 500 млн теңгеге жеткізуді көздеуде. Өсімдік шаруашылығындағы оң өзгерістер де көптің көңілінен шықты. Мәселен, биыл өңірде 65 780 гектар жерді игеру жоспарланса, есепті кезеңде 66 365 гектарды құрап отыр. Игерілген аумаққа дәнді дақылдар, көкөністер мен бау-бақша өнімдері егілген. Осылайша жоспар 101 пайызға орындалып отыр.
Ауданда «Бір алқаптан екі рет өнім алу» жобасы да назардан тыс қалмаған. Ордабасыға қарасты 9 ауылдық округтегі 201 шаруа қожалық иесі 517 гектар жерге бірінші рет егілген дақылдан 10 мың 379 тонна өнім алды. Ал екінші рет себілген дақылдың өнім көлемі 3 мың 816 тоннаны құрады. Ауданда 21 гектар өндірістік, 41 гектар фермерлік, 25 гектар үй іргелік, жалпы 87 жылыжай бар. Биыл оның аумағын 15 гектарға ұлғайту жоспарланған болатын. Тоғыз айда 16 гектар жылыжай іске қосылған. Тамшылатып суару технологиясы аудандағы 2574 га жерге қолданылуда. Биыл бұл әдісті 600 га жерге арттыру жоспарланып, бүгінгі таңға 754 га аумақ су үнемдеу әдісіне көшкен. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алудың жылдық жоспары 105 бірлік болса, қазіргі таңда 109 бірлік техника алынып, тапсырма 104 пайызға орындалған.
Биыл қысқа 309 мың тонна мал азығы қажет болса, бүгінде 315 мың тонна жем шөп жиналып, межелі жоспар 102 пайызға орындалған. Бұдан бөлек, ордабасылықтар еліміздің батыс өңірінде қуаңшылық қыспағында қалған ағайынға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, 110 тонна мал азығын көмекке жіберді.
Аудандағы жалпы ортақ жайылым көлемі 8 679 гектарды құраса, биыл ортақ жайылым көлемін 5 000 гектарға ұлғайту жоспары жасалған. Бүгінгі таңға 4 829 гектар жер ортақ жайылымға қайтарылып, жалпы ауданы 13508 гектарға өсті.
Ордабасы ауданында өндіріс саласында жалпы 39 кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Құрылыс индустриясы саласында жалпы 532 адам жұмыспен қамтылып, 17 қыш зауыты және тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында – 6 карьер жұмыс жүргізуде. Есепті кезеңге осы кәсіпорындармен 1 млрд 599 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 353 млн тг, немесе 111 пайызға артып отыр.
Ауданға тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай өскен. Мәселен, есепті кезеңде ауданға 15 млрд 296 млн теңге инвестиция тартылған.
Аудан көлемінде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 11 338. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102 пайызды құрайды. Оның ішіндегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындардың саны — 10 954. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген қолжетімді несиені алу мақсатында 38 жоба ұсынылғанын да айта кету керек. Бүгінгі таңда 3 млрд 748 млн теңгеге 25 жоба Несие комитетінен мақұлданған. Көрсеткіш бойынша аудан облыста 3-орында тұр.
Туризм саласының даму қарқыны да жақсы. Атқарылған жұмыстарға келсек, қазақ ұлтының қалыптасу кезеңінде үш жүздің басы қосылған Ордабасы тауындағы «Ордабасы» Ұлттық тарихи-мәдени қорығы аумағынан Визит-орталықтың құрылысы басталды. Тағы бір айта кетерлігі, ауданға қарасты Амангелді ауылындағы «Amangeldi» емдеу сауықтыру орталығы медициналық туризмнің дамуына тың серпін беруде. Шипажайдың термалдық суы түрлі жел-тұз және тері ауруларына ем. Бүгінде «Amangeldi» шипажайына еліміздің барлық өңірінен ем алушылар көптеп келуде. Сонымен қатар аудан аумағындағы ежелгі орта ғасырлық Қараспан қалашығы орны, Аққойлыдағы Ишанбазар мешіті сынды тарихи орындар бар.