Түркістан облысында биыл облыстық бюджет есебінен жаңа 22 мектептің (жекеменшік 13 мектеп) құрылысын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде қазіргі таңда 6 мектеп толық аяқталған. Ал қалған 16 мектеп жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.
Республика күні мерекесі қарсаңында Қазығұрт ауылында 150 оқушыға арналған жекеменшік мектеп, Сарыағаш қаласында 900 балаға, ал Сайрам ауданында 1 200 орынға лайықталған жекеменшік мектеп ашылды. Сондай-ақ, Сайрамдағы Қарабұлақ ауылында 400 орындық мектеп, Түркістанда 500 орындық дарынды балаларға арналған білім ордасы және 250 бүлдіршінге арналған балабақша ел игілігіне тапсырылған болатын.
Айта кетсек, Түркістан облысында апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында 2025 жылға дейін жаңа 199 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған.
Айта кетейік, Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Манкент ауылында жеке кәсіпкер 4 бірдей мектеп салды. Соңғы он жылда 8 балабақша мен 4 жекеменшік мектеп салған инвестордың білім ұяларында 13 мыңнан астам бала білім алуда. 1200 балаға арналған әр мектептің құны 1,5 млрд. теңгеден аспайды. Қаңтар айында құрылысы басталған заманауи үлгідегі білім ұялары жоспар бойынша биылғы оқу жылы пайдалануға берілді Ол алда тағы 4 мектеп салуды көздеп отыр.
Инвестордың иелігіндегі 1200 орындық балабақша еліміздегі ең үлкен балабақша болып есептеледі. Сондай — ақ Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында 2200 орындық орта мектеп жұмыс істейді. Білім ошағы Елордадағы Назарбаев университетінің жобасымен салынған. Мектептің үлкен мәжіліс залдары, кітапхана, спорт залы мен 450 орындық асханасы бар. Өскелең ұрпақты еңбекке баулуға бағытталған пәндер өтілетін сыныптардың жасақталуы да өзгеше.
Барлық мектептерде балалар мемлекеттік бағдарлама аясында ақысыз білім алады. Оқушыларды тегін тасымалдап, ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Қосымша үйірмелер тегін. Үздіктерге арнайы стипендия тағайындалған.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесімен салынып жатқан мектептер ең алдымен бюджет қаражатының жұмсалуын тиімді етеді. Салаға жауаптылар жекеменшік мектептер желісін арттыру арқылы мемлекеттік мектептерге түсетін «жүкті» жеңілдетуді көздеп отыр.
Облыста 945 мектепте 500 мыңнан астам бала оқиды. Былтыр бюджет есебінен 78 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 44 мектептің құрылысы аяқталды. 30 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 91 мектептің асханасы жаңғыртылды.
Түркістан қаласында 2025 жылға дейін 10-нан астам мектеп салынады деп жоспарлануда. 2021 жылы 900 орындық мектеп, 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі 120 орындық жатақханасымен салынды. Бұдан бөлек, 6 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді.