Түркістан облысында жастар тойы Әнұранмен ашылды.
Түркістан қаласының тұрғыны Мейіржан мен Ақботаның шаңырақ көтеру тойы Республика күнімен қатар келді. Ұлттық мерекеде жас отбасылардың үйлену тойына келген қонақтар ерекше жайттың куәсі болды. Тойдың ашылу салтанаттында жиналған көпшілік қолдарын жүрек тұстарына қойып, Әнұранды орындады.
Желіде тараған видеодан қос жұптың артында екі жігіттің мемлекеттік Туды ұстап тұрғанын көруге болады. Ал, биші қыздар мен той иелері көпшілікпен қосылып, Әнұранды шырқады. Одан соң, салтанатты түрдегі неке қию рәсімін жасаған.
Facebook парақшасында жарияланған жазбаға оқырмандар «Мәссаған, керемет, ерекше екен», «Қандай күшті! Бақытты болсын!», «Осы тойға барғым келіп кетті ғой» деп таңданыстарын білдіріп, қызығушылық танытқан. Сондай-ақ, жас жұбайларға бақыт тілеп, алғыстарын айтқан.
Айта кетейік, Мейіржан Сайфуллаев Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-де қызмет атқарады.
Тағы бір ақпар. Түркістандықтар неке қию салтанатты рәсімін жаңа және әсем Неке сарайында өткізіп келеді. СОңғы мәліметке сәйкес, неке сарайында жыл басынан бері 70-ке жуық неке тіркеу рәсімі өткен.
Мұнда жас жұбайларға арнайы бөлме қарастырылған. Сонымен қатар неке қиюға арналған салтанатты зал, қонақтарға арналған күту залы, 80 орынға лайықталған мәжіліс залы, кең холл, жиын өткізетін арнайы зал бар.
Жалпы алаңы – 2 мың шаршы метрді құрайтын ғимарат көп салалы болғандықтан, басқа да кең ауқымды шараларды өткізуге болады.
Неке сарайының ең жоғарғы қабатында (шатырында) романтикалық кездесу ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.
Әкімшілік іскерлік орталықта орналасқан бұл нысан отбасын құрамын деген жастарға ұмытылмас сәттер қалдыратыны анық.