2025 жылға дейін Түркістан облысында 90-ға жуық мектеп салынбақ. Былтыр елімізде салынған мектептердің төрттен бірі біздің облыста бой көтерді. Дегенмен, мектеп салу – бюджетке үлкен салмақ. Сондықтан бір-біріне жақын елді мекендерде білім ұясын салудан гөрі оқушыларды автобуспен тасымалдау тиімді.
Айта кетейік алдағы 3 жылда облыста тағы 89 мектеп салынады. Ол білім ұяларында 72 мыңға жуық оқушы дәріс алады деп күтілуде. Түркістан облысының әкімі мектепті мемлекетік бюджеттен емес инвесторлар есебінен жүргізу керектігін айтты. Жеке меншік мектептердің санын арттыру арқылы, тапшылық мәселесін шешуге болады.
-Облыста 2023 жылы – екі, 2024 жылы – 31, 2025 жылы – 56 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ең көп мектеп қажеттілігі бар аудан, қалаларға тоқталсақ, Түркістан қаласында 8 мектеп бой көтереді. Сонымен бірге Келес ауданында – 8, Сауран ауданында – 9, Сайрам ауданында 12 мектеп салынбақ,-дейді сала жауаптылары.
Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Манкент ауылында жеке кәсіпкер 4 бірдей мектеп салып жатыр.Соңғы он жылда 8 балабақша мен 4 жекеменшік мектеп салған инвестордың білім ұяларында 13 мыңнан астам бала білім алуда. Ауданға жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жеке кәсіпкер Низамхан Сулайманов салып жатқан жаңа мектептердің жай-күйімен танысты. 1200 балаға арналған әр мектептің құны 1,5 млрд. теңгеден аспайды
Инвестордың иелігіндегі 1200 орындық балабақша еліміздегі ең үлкен балабақша болып есептеледі. Сондай — ақ Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында 2200 орындық орта мектеп жұмыс істейді. Білім ошағы Елордадағы Назарбаев университетінің жобасымен салынған. Мектептің үлкен мәжіліс залдары, кітапхана, спорт залы мен 450 орындық асханасы бар. Өскелең ұрпақты еңбекке баулуға бағытталған пәндер өтілетін сыныптардың жасақталуы да өзгеше.Барлық мектептерде балалар мемлекеттік бағдарлама аясында ақысыз білім алады. Оқушыларды тегін тасымалдап, ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Қосымша үйірмелер тегін. Үздіктерге арнайы стипендия тағайындалған.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесімен салынып жатқан мектептер ең алдымен бюджет қаражатының жұмсалуын тиімді етеді. Салаға жауаптылар жекеменшік мектептер желісін арттыру арқылы мемлекеттік мектептерге түсетін «жүкті» жеңілдетуді көздеп отыр.