Қытайлық «Jemchug Power» компаниясы Түркістан облысынына 10 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға дайын. Шетел инвестициялары тәулігіне 400 мыңға жуық кірпіш шығаратын зауыттың құрылысы жобасын ұсынды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қытайлық алпауыт компания өкілдерімен кездесіп, маңызды мәселенің мән — жайын талқылады.
Өз кезегінде, облыс басшысы аталған жобаны «Түркістан» Арнайы экономикалық аймақтың аумағында және Ордабасы ауданындағы «Қазақ-Түрік» Индустриалды аймақта жүзеге асыруға шақырып, тиісті қолдаулар (инфрақұрылымға, мемлекеттік қолдауларға қол жетімді болу және т.б.) көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Сонымен бірге, отырыста облыс төңірегінде бірқатар нысандардың салынуын және құрылыстың қарқындылығын ескере отырып, аталмыш зауыттың қажеттілігі айтылды.
Бұл ретте, қытайлық инвесторлар зауытқа лайықты орындармен және шикізатты алатын жер қойнауларымен танысып, тиісті шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
Өз кезегінде аймақ басшысы жобаның жоспарлы түрде іске асуына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Яғни, нысандарды салуға арналған жер телімдерін бөлу және құжаттарын әзірлеп, онда тартылатын инфрақұрылым мәселелері толығымен әкімдік тарапынан жүзеге асырылатын болады.
Айта кетсек, Түркістан облысында ірі экспорттаушыларға және экономикалық өсімнің жарқын көрсеткіші айналған «Кентау трансформатор зауыты», «ҚазақБитум», «Күйдірілген кірпіш өнімдерін шығаратын Бөкей», «Нимекс мақта тазалау зауыты», «Мақта өңдеу зауыты», «Ордабасы құс фабрикасы», «Құрғақ түйе ұнтағын шығаратын Golden Camel», «Балық өнімдерінің өндірісі Хамит и К», «DalaFruit» сияқты компаниялар құрылды. Бұдан басқа 300-ге жуық кәсіпорын ашылып, онда 23 мыңға жуық адам жұмыс атқаруда.
Индустрияландыру картасы аясында 140 млрд теңгеден астам қаржыға 122 жоба іске асырылды. 7 340 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ең үлкен жетістік – өңірде газ, су, электр энергиясы секілді жүйелі мәселелер өз шешімін тапты. Жекеменшік сектор дамыды, өнеркәсіптің құрылымы өзгерді.
Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті айтатын болсақ, 30 жылдың ішінде елімізде кәсіпкерліктің саны 1,4 млн-ға жетті. Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін Түркістан өңірінде жұмыс істейді .