Республика күніне орай Созақ ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Мейірімге толы жүрек» атты іс-шара өтті.
Қайырымдылық шара аудандық орталық кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы өткізілді.
Жиынға қатысушыларға кітапхана қызметкерлері өзара Республика күнінің маңыздылығын, Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы екендігін жеткізді.
— Биыл ауданымызда алғаш рет «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды. Мұнда аға буын қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті қызметтер көрсетіледі. Бұл орталықта кітапханалық стационардан тыс қызмет көрсету жұмысынан бастап, түрлі әдеби кітаптармен қамтылған. Орталыққа келушілер кітап оқып, білімін арттырады, — деді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.
Шара соңында ауданның мәдени- рухани дамуына үлес қосқан бірқатар жастар мен оларға қамқорлық көрсетіп жүрген жандарға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Еске салайық, 7 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің депутаттары Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мереке мәртебесінен айыруды ұсынған. 22 қыркүйекте Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастауға бағытталған заңды қабылдаған. Тиісті заңды Парламент қабылдап, президенттің қарауына жіберген. 29 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке ретінде бекіту туралы заңға қойды. Сонымен қатар 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні мерекелер қатарынан алынып тасталды.