Республика күніне орай Түркістан қаласындағы «Облыстық жастар ресурстық орталығында» Сауран аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «ӘН-САLIKЕ» ән кеші өтті.
Өнер кеші Түркістан қаласына тарту ретінде «40 күн той мен ой» іс-шарасына сәйкес қолға алынған.
Кештің басты мақсаты — дарынды жастардың өнерге деген сүйіспеншілігін ояту, мәдениетті орта қалыптастыру. Басқосуда әуезді әндер шырқалып, мың бұралған бишілер би билеп, өнерлерін ортаға салды. Әуенді кеш барысында жергілікті «Жастар» триосының шырқаған әні көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Сауран аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандарының Түркістанға тарту еткен кеші өнерсүйер қауымның көңілінен шықты. Кеш соңында қонақтар естелікке суретке түсті.
Айта кетсек, биыл Мемлекет басшысының бастамасымен 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде күнтізбеге қайта еніп отыр. «Биыл 25 қазанда Республика күні еліміздің ұлттық мерекесі мәртебесінде алғаш рет тойланғалы отыр. Демалыс күнінің кейінге шегерілуі жұмыс істейтін қазақстандықтарға мерекелік кезеңде демалыстарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді үкіметтің баспасөз қызметі.Бұған дейін 2001-2009 жылдар аралығында бұл дата мемлекеттік мереке ретінде тойланып келген.- 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мереке және демалыс күніне айналды.
Еске салайық, 7 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің депутаттары Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мереке мәртебесінен айыруды ұсынған. 22 қыркүйекте Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастауға бағытталған заңды қабылдаған. Осылайша Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 маусымдағы Ұлттық Құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізді:
25 қазанды ұлттық мемлекеттік мереке — Республика күні деп белгілеу;
16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде бекітілсін.