ТҮРКІСТАН: Сарыағашта этнос өкілдері ел бірлігін нығайту жайлы талқылады
Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сарыағаш аудандық филиалында Республика күні мерекесі қарсаңында «Ел бірлігі – оның әралуандығында» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға аудандағы түрлі этнос өкілдері қатысты.
Басқосуға қатысқан Түркістан облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары Индира Раван-Нахчивани Республика күні мерекесінің тарихы мен мән-маңызына тоқталды.
– 1990 жылы 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-ң мемлекеттік Егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен Қазақстан еңсесі биік, терезесі тең жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Осы ретте, елдің бірлігін, ынтымағы мен татулығын сақтай білу – әрбіріміз үшін өте жауапты міндет
Келелі жиында атап өтілгендей, Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізілді. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, 30 тамыз — ҚР Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты 25 қазан — Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынған.
Мемлекет басшысының бастамасымен 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде күнтізбеге қайта еніп отыр. «Биыл 25 қазанда Республика күні еліміздің ұлттық мерекесі мәртебесінде алғаш рет тойланғалы отыр. Демалыс күнінің кейінге шегерілуі жұмыс істейтін қазақстандықтарға мерекелік кезеңде демалыстарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді үкіметтің баспасөзі.