Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Төрткөл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Аудан басшысы алдымен алғашқы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың орындалуына тоқталды.
— Өздеріңізбен болған кездесуде 47 ұсыныс-тілек айтылған болатын. Оның 8-і орындалды. 12-сі орындалу үстінде. Ал, қалғандары ауданның бес жылдық даму жоспарына енгізіліп отыр. Жалпы, Сіздер көтерген мәселелерді зерделей келе, оларды шешу үшін біраз қаражат қажет. Оның барлығын ауданның бюджеті көтермейді. Сондықтан облыстық, республикалық бюджеттерден де қаржы қаралатын болады. Дегенмен, “ауданның бюджеті көтере алмайды”деп қол қусырып отыруға да болмайды. Толықтыру үшін шағын және орта бизнесті дамытуымыз керек. Мысалы Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолының 70 шақырымнан астамы біздің ауданның шекарасынан өтеді. Оның жан-жағынан түрлі бизнес нысандарын салып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға болады. Төрткөлдің бұл бағытта әлеуеті зор. Сондықтан, білек сыбана кірісетін кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге даярмыз. Бастысы, кәсіп ашуға, халықты жұмыспен қамтуға ниетті кәсіпкерлердің бетін қақпай, ел болып ісіне қолдау білдірейік. Ауызбіршілік болса жұмыс жемісін берері сөзсіз, — деді аудан басшысы.
Кездесуде аудан әкімі тұрғындарға ауданның даму жоспарына енген жобаларды тізбектеп айтып берді. Соңынан тұрғындар сауалдарын қойып, оларға тұшымды жауап алды.
Шара соңында аудан әкімі Нұрбек Бадырақов тұрғындарды Қарақұм ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімі осыдан екі ай бұрын болған кездесуде қарақұмдықтар тарапынан айтылған ұсыныстардың орындалуына тоқталды.
— Өздеріңізбен болған алғашқы кездесуде 7 мәселе көтердіңіздер. Дені коммуналдық салаға бағытталған болатын. Соның ішінде Қарақұм ауылын газдандыру мәселесі көтерілген. Тиісті жұмыстар басталған. Бұйыртса, келесі жылдың соңына дейін ауыл толығымен табиғи газбен қамтылатын болады. Сондай-ақ Құрманбек каналын бетондау жайы сөз болды. Зерделей келе 4 шақырымы бетондалатын болып нақтыланды. Қалғаны, яғни 7 шақырымнан астамы тазаланады. Тиісті жұмыстар келесі жылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда, — деді аудан әкімі. Кедесуде сондай-ақ басқа да салалар бойынша атқарылатын жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Шара соңында ауыл тұрғындары саябақты абаттандыру, спорт алаңшасын салу, асыл тұқымды мал басын субсидиялау, денсаулық сақтау мәселелері бойынша сауалдарын қойды.