Түркістан облысы Арыс қаласында Кеңес Одағының спорт шебері атанған азамат Нұржан Қосмамбетовті еске алуға арналған жастар мен жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнирі өтті.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған спорт сайысына 2005-2008 жылдары туған 173 жасөспірім қатысып, олар 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.
Үш күнге жалғасқан жарыста облыс аудандарынан бөлек, Алматы, Шымкент қаласы мен Жамбыл және Абай облысының спортшылары күш сынасты. Сондай-ақ, байрақты бәсекегеде Өзбекстандық жасөспірім спортшылар да өнер көрсетті.
Жасөспірімдердің боксқа деген сүйіспеншілігі, жеңіске деген құштарлықтары ерекше болды. Жартылай финалға шыққандар мен үшінші орынға табан тіреген боксшылардың қызу тартысты жекпе-жектері өтті. Қызыл бұрыш пен көк бұрышта арнайы спорт киімдерімен бұлшық еттері шиыршық атқан, түрлі салмақтағы жасөспірімдер барлық шеберліктерін салып сайысты. Қарсыластар аянбады. Бокс қолғабын қанша жұмсақ дегенмен, бірі жеңді, бірі жеңілді. Қас қағым уақыттың ішінде жеңімпаз белгілі болып отырды. Бокс аренасын төрт жақтан жіті бақылап отырды судьялар.
Айта кетсек, бокстан КСРО спорт шебері атанған Нұржан Төлебекұлы Арыс қаласында өмірге келіп, қаладағы №11 Б.Момышұлы атындағы орта мектепті үздік бітірген. Спортқа деген құштарлығын дамыта түсу үшін ол Шымкент қаласындағы дене тәрбиесі және физкультура институтына түсіп, шеберлігін шыңдап, бокс саласында тамаша жетістіктерге жетті.
Облыстық, республикалық, одақтық, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған ол өзінің спорттағы жетістіктерімен ел-жұртына қуаныш сыйлап, соңынан ерген іні-қарындастарының жігерін жанып, рухын шыңдай білді. Тіпті, Арыс қаласындағы бокс мектебінің кең қанат жайып, өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан.
Аталған жарысқа Кентау қаласы бокс мектебінің спортшылары да қатысып, 66 кг салмақ дәрежесінде Кентаулық Шағатай Темірлан үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі екінші орынға ие болды.