Ағымдағы жылдың 12 қазан күні Кентау қаласы №17 «А.Навои» атындағы жалпы орта мектебінде «Этносаралық келісімді сақтау және теріс діни ағымдардың ықпалының алдын алу» тақырыбында жоғары сынып оқушылары мен кездесу өтті.
Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Ж.Жорабек, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиалының басшысы Ғ.Тажибаев, қалалық «Өзбек этномәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Х.Абдувалиев, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы М.Сарманов және мектеп оқушылары қатысты.
Қазіргі таңда Қазақстан – бейбітшілік пен келісімі сақталған, түрлі этностар өзара ынтымақтастықта өмір сүріп жатқан біртұтас ел. Республикамыз – жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүретін полиэтникалық мемлекет. Бүгінде халық саны 19 миллионға жуық адамды құрайды, оның ішінде мемлекет құраушы қазақтардың үлесі 70%-ға жетті.
Қазақстан Республикасында этносаяси мәселелер мемлекеттік ұлттық саясаттың өзегіне айналып отыр. Еліміздің Конституциясында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған. Ол мемлекетті қалыптастырушы қазақ ұлтына этносаралық келісім мен ынтымақтастықты сақтауға, өзге этностар құқықтарының шектелмеуіне деген жауапкершілікті жүктейді. Елімізде ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша халықтар арасындағы келісімге негізделген. Ұзақ уақыт бойы халықтар арасындағы өзара қатынастардың ерекше дәстүрі қалыптасып, кеңінен насихатталып келеді. Этносаралық келісім мен бейбітшілік аясында әлемде баламасы жоқ қазақстандық үлгі қалыптасып, қарқынды даму үстінде. Қазақстанның Түркі мемлекеттері, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ аясындағы іргелес елдермен достық қарым-қатынас қалыптастыруы – осыған дәлел болып табылады.
Кездесу барысында этносаралық келісімді сақтау, жалған ақпараттарды тарату жөніндегі қолданыстағы заңдарды және қазіргі таңдағы деструктивті діни ағымдар жайында кеңінен ақпараттық-насихаттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.