Бүгін ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның 60 жылдық мерейтойына арналған «Сырымды айттым далаға» шығармашылық кеші өтті.
Алдымен келген қонақтар шығармашылық кітап көрмесін тамашалап, Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағының тұсауын кесті. Содан соң мерейтой иесіне арналған «Тәуелсіздік тарландары» деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Ақынның туған жері шағалалы Шардарадан бастау алып, Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда жалғасын тапқан кешті жазушы, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі Дархан Аманкелдіұлының сәлемін жеткізіп ақын иығына шапан жапты. Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев өз кезегінде ақынға сый-құрмет көрсетті. Бұлан әрі Р. Сейтметов атындағы Түркістан сазды- драма театрының әртістері Қазыбек Исаның өлеңдеріне арналған әдеби сазды қойылым көрсетілді.
Мерейтой иесінің әріптестері мен достары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері ақжарма тілектерін арнады. Кеш барысында бишілер мың бұрала би билесе, ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Кеш соңында мерейтой иегері сөз алып, келген көрерменге алғысын білдірді. Шәмші Қалдаяқовтың «Отан» әні кеш шымылдығын жапты.
Айта кетсек, Қазыбек Иса 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Бірінші май ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Шардара ауданы Қызылқұм ауылындағы орта мектепті бітіріп, Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ) көркемсурет-графика факультетіне түседі. 1984 жылы институтты бітірген Қазыбек Иса Шардара ауданы Қызылқұм орта мектебінде еңбек жолын бастайды.
1991 жылы қаңтар айында Алматыдағы алғашқы демократиялық басылым «Жас қазақ» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауысады. 1993 жылы «Өркен» газетінде бөлім редакторы болып істейді. 1998 жылы «Қазақпарат» баспа корпорациясында вице-президент болып қызмет етеді.
2000 жылғы 2 мамырдан бастап, «Жас қазақ үні» газетінің тұңғыш бас редакторы – директоры болып еңбек етеді. 2009 жылдан бері «Жас қазақ үні» газеті Бас директоры – Редакторлар кеңесі төрағасы. Сонымен қатар «Жұлдыздар құпиясы» журналы бас редакторы және «Тұран» баспасының директоры.
Алғашқы өлеңдер топтамасы 1984 жылы «Аудитория» студенттер жинағы мен 1989 жылы «Тоғыз тарау» жинағына кірді. Тұңғыш жеке кітабы 1995 жылы «Керімсал» деген атпен жарық көріп, жырсүйер қауымның жылы бағасын алды. 2002 жылы «Қызыл жыңғыл» кітабы шықты. 2008 жылы «Тәтті шөл» жыр кітабы жарық көрді. Бірнеше республикалық мүшәйралардың жүлдегері. 2008 жылы “Тәтті шөл” кітабы үшін Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атанды. 2009 жылы Қазақстанның Мәдениет қайраткері атағына ие болды.