Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында ауыл тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, тұрғындар арасында достық қарым қатынасты нығайту мақсатында волейбол жарысы ұйымдастырылды. Жалпы жарысқа мектеп мұғалімдерінен, балабақша қызметкерлері мен емхана қызметкерлерінен құралған 6 команда қатысты.
Өңір халқының бұқаралық спортқа деген қызығушылығы жоғары. Оны турнир барысында байқау қиын емес. Тартысқа толы бәсекеге қатысқан ақ халаттылар мен білім саласының қызметкерлері жақсы ойын көрсетті. Олар бірінен-бірі асып түсті.
Ұлт денсаулығын нығайтуда бұқаралық спорттың алатын орны ерекше. Соңғы уақыттары үлкен спортта биік белестерді бағындырған ұландарымыздың жеңісі жалпы халықты қанаттандыра түскені анық.Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дені сау ұрпақ тәрбиелеу бұл бүгінгі күннің басты межесі. Өйткені дамыған отыз елдің көшіне ілесу жолында бәсекеге қабілетті, ой-өрісі озық ұлттың ұрпағы ғана тегеурінге төтеп бере алады. Оның үстіне, спорттағы жетістік мемлекет мерейін асырып, әлем елдері арасындағы беделді өсіреді. Сондықтан қазір елдің барлық өңірінде спорт кешендері көптеп бой көтеруде.
Қазақтың құтты мекені – ежелден-ақ ауыл екені белгілі. Ауылдың қара шаңырағынан тау көтерген Толағай мен күш атасын танытқан Қажымұқандар шыққан. Рас, денсаулығы мықты адам қоғамғамол пайда әкелетіні сөзсіз. Ал денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы – спортпен шұғылдану. Сондықтан еліміздің спорт саласына баса назар аударылып, дене шынықтырумен шұғылданатын азаматтарға барлық жағдай жасалып жатыр. Ауданымыздың спортсүйер тұрғындары үшін де жағымды жаңалықтар көп болмақ. Халықты дене шынықтырумен қамтуды көп жағдайда саланың қолданыстағы инфрақұрылымы айқындайды. Ауданда бұқаралық спорт жарыстарын ұйымдастыруға және өткізуге арналған нысандарда жетерлік.
Айта кетсек, өткен жарыс нәтижесінде жеңіске жеткен командалар мен үздік ойыншылар тиісті дәрежедегі диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
І орын – М.Қашқари мектеп-лицейі
ІІ орын – Ақ бота балабақшасы
ІІІ орын –Ақын Тума мектебі иеленді.