25 қазан — Республика күні қарсаңында Ордабасы аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Бір өлке — бір кітап» акциясы аясында «Дара тұлғалар» атты әдеби сағат өтті. Онда журналист, жазушы Төрегелді Байтасов пен ақын Әбілда Аймақтың шығармалары насихатталды.
Төрекелді Байтасов – Орта Азияда тұңғыш жекеменшік тәуелсіз «Жібек жолы» журналын ашқан қайраткер, егемендік тұсында алғашқылардың бірі болып «Жібек жолы» баспасын құрған баспагер, бірнеше басылымдарға еңбек еткен қаламгер. Келген көпшілік жазушының өміржолы мен еткен еселі еңбегін айтып, тұлғаның қазақ әдебиеті төріндегі орнын тағы да айшықтады. Сондай-ақ, қоғамдағы, ХХ ғасырдың соңғы жылдарындағы қиын қыстауға қарамай, қазақ журналистикасындағы «Жібек жолы» баспасының биігін көрсеткен автордың ерлігі әлі елдің есінде.Айта өтейік, Төрегелді Байтасов 1993 жылы «Жібек жолы» баспасының Президенті қызметін атқарған. Және Алаш жұртының бүгіні мен болшағы үшін 500-ден аса түркітілдес кітаптарды шығарып, қарашаның құрметіне бөленген.
Ал Әбілда Аймақ – ақын, Халықаралық Физули атындағы және Қ.Қазиев атындағы сыйлықтың иегері, бірнеше мүшәйралардың жеңімпазы. Айта өтейік, 18 жасынан өлеңге қалам тартқан Әбілда Аймақ 22 жыл бойы облысымыздағы жазушылар одағын басқарды. Талай шәкірт тәрбиеледі. Бүгінге дейін оқырманындарына 17 кітап сыйлап үлгерген ақын 60 жасында, 2015 жылдың 15 ақпаны күні өмірден озды. Бірақ қаламгердің кітап қазынасы мен қолтаңбасын жалғаушы жас толқын мұқалмақ емес, ақынның өзі іргетасын қалаған «Темірқазық» әдеби клубының жұмысын жандандырып келеді.
Әдеби кеште жас оқырмандар қос қаламгердің шығармаларын жатқа оқып, көріністер көрсетті. Сондай-ақ біртуар азаматтардың жүректен қозғайтын нақыл сөздері мен өлеңдерін санасына тоқып, сарқылмас рухани нәр алып қайтты.