25 қазан — Республика күніне орай Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен облыс орталығында волейболдан жастар арасында турнир ұйымдастырылды.
Аталған сайыс Келес ауданы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен өтті.
Жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында өткен жарысқа Түркістан облысына қарасты аудан, қалалық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.
«Бүгінде облысымызда жастарды спортқа баулу, оларға мүмкіндік беру жолында біршама жұмыстар атқарылуда. Өңірімізде өткен спорттық сайысқа волейболдан өздерінің шеберліктерін көрсету үшін әр ауданнан жастар құрамалары келіп қатысты. Бұл шара елімізде ауқымды түрде аталып өтетін Республика күніне орай ұйымдастырылды», — дейді Келес аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Ташкенбай.
Барлық қатысушылар спорттық додаға белсене қатысты. Тіпті ойынды тартысты өткізді. Жалпы турнир қорытындысында Созақ ауданының жастары бас жүлдеге ие болды. Ал, Жетісай жастары 2-орынды иемденсе, 3-орынды Мақтаарал ауданынан келген жастар құрамасы жеңіп алды. Жүлделі орын алған жастарға қаржылай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Айта кетсек, 25-қазан Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесі берілді. Демек бұл күн елімізде тойланып, демалыс жарияланады. Осы тұста 1990 жылы 25-қазанда «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылдандағанын еске сала кетейік. Биыл мерекеге орай қазақстандықтар 23-25 қазан аралығында – үш күн демалады. Ал 16-желтоқсан, Тәуелсіздік күні енді мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Осыған дейін оның мәртебесі ұлттық мереке болатын. Ал 1-желтоқсан – Тұңғыш президент күні енді мемлекеттік мереке емес.