Сарыағаш аудандық Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері арасында «Менің республикам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесуде 25 қазан — Республика күнінің маңыздылығы талқыланды.
«Бұл күнді барша қазақ халқы аңсап, армандаған. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Осылай әлем картасындағы жаңа мемлекет Қазақстан Республикасының негізі қаланды», — деді Сарыағаш аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрғали Отаров.
Дөңгелек үстел барысында жастар бұл күннің мән-маңызы жөнінде өз пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, 25 қазан — Республика күнінің мерекелер тізіміне қайта енгізілуі мен мереке ретінде атап өтілуі тарихымызды тереңінен тану екендігін түсіндірді.
Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. Дәл осы күні 25-қазанда қазақ елі декларация жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады. Бұл – қазақ тәуелсіз мемлекет ретінде танылған алғашқы оқиға,- дейдіә жиынға қатысушылар.
Еске салсақ, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Президен: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», — деген еді.
Президент 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданғанын еске салды.
«Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды», -деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтқан.