12 қазан Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты шығармашылық ән кеші өтеді. Осыған орай Қалдыбек Құрманәлі бастаған бір топ өнер майталмандары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы композитордың рухына тағзым етті.
–Біздің Шәмшісіз өмір сүріп жатқанымызға 30 жыл толды. Бірақ, ұлы компазитор арамызда болмағанымен, оның әндері халқымыздың жүрегінде мәңгі жасай бермек. Халық Шәмші әндерінсіз өмір сүре алмайды. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Бұл тарихи әділеттіліктің салтанат құруы дер едім. Осыған орай бүгін «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты ән кешін өткізгелі отырмыз, – деген Қ.Құрманәлі аталған кешті ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Шымкент қаласының әкімдігіне алғысын білдірді.
Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.
Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.
Гүл шоқтарын қою рәсімінде ұлы композитордың қарындасы Райхан Қалдаяқова мен бірқатар зиялы қауым өкілдері Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасы жайлы сыр шертіп, әншілер Шәмші әндерін орындады.