Шымкенттің бас имамы Бақдаулет Абдурахманов бастаған дін өкілдері табиғат пен қоршаған ортаға қамқорлық жасауды әдетке айналдырған. Дінімізде қайырлы істердің бірі де бірегейі табиғат пен жерімізге қамқорлық жасау- осылай деген шымкенттік имамдар Асанбай Асқаров атындағы Дендрологиялық саябаққа барып тазалық жұмыстарын жүргізді.
Шымқаладағы көрікті демалыс орындарының бірі — «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік Дендрологиялық саябағы». Тұрғындар мен қонақтар осы саябақта серуендеп, демалуды әдетке айналдырған. Сол себепті де саябақ тазалығы басты назарда.
Қазіргі таңда саябақта тазалық жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Қала тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. Жас балалар саябаққа келіп спортпен шұғылданса, ал қарт кісілер жайқалған жасыл желекті тамашалай алады. Жалпы, бұл жұмыстардың барлығы жасыл желекті көбейту мақсатында қолға алынып отыр.
Шымкент шаһары үшін қос өкпенің біріндей рөл атқаратын, таза ауамен тыныстаудың қайнар көзі саналатын дендросаябақ тазалығына имамдар да үнемі ат салысып жүреді. Бүгінде дендросаябақтың тұқымбағында көшеттерді тұқымнан өсіріп шығару, оларды күтіп-баптау және саябақтың ішіне бөліп егу секілді жұмыстар жалғасуда. Тұқымбақтағы жұмыстар қысы-жазы жүргізіледі. Оған қоса бақтың суару жүйесі жаңартылып келеді. Соның нәтижесінде көшеттер саябақтан бөлек қаланың басқа да аумақтарында егіледі. Биылғы жаңалық, жыл соңына дейін Шымкентте тағы 7 гүлзар бой көтереді деген жоспар бар.
Айта кетейік, Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы 1979 жылы құрылған болатын. Саябақтың құрылуына мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров мұрындық болды. Саябақтың қазіргі уақыттағы жер көлемі – 117 гектар. Мұнда бүгінде 500 мыңнан астам ағаш және 1 миллионнан астам шөптесін өсімдіктер бар.