Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы тұрғындар арасында кеңінен насихатталуда. Сондай кезекті насихат жұмыстары Ақжар шағынауданы 122-жалпы орта мектебінде өткізілді. Кездесуде қалалық қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан Жолдауда көтерілген негізгі бағыттар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тұрғындармен бірлесе талқыланды.
Нақтырақ айтқанда, насихаттық топ жиын барысында тұрғындарды Жолдауда елімізді күтіп тұрған өзгерістерге тоқталып, жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін іске асыруға бағытталған бағдарлардың мәнін түсіндірді. Сондай-ақ, насихатшы топ бұл міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Жиылған қауым да Жолдаудың маңызына мән беріп, оның арқалайтын жүгінің де бір жылмен шектелмейтіндіктерін айтып, Президенттің қазақстандықтарға айтқан өмір сүру сапасын арттыру және ел ішіндегі тұрақтандыру идеяларын қолдайтындықтарын білдірді.Шара соңында жиынға қатысушылар айтылған бағыттардың әрқайсысы аса маңызды болып табылатыны жайлы өз ой-пікірлерімен бөлісе отырып, Президент Жолдауын насихаттап, білім мазмұнын жаңарту бойынша жасалып жатқан реформаларға қолдау көрсететінін, Жолдаудағы міндеттерді орындауға үлес қосатынын жеткізді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы Абай ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастарға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын насихаттау жұмыстары жүргізілді. Кездесу барысында жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Шыңғысұлы ауданға қарасты жастар мен жасөспірімдерге Президент жолдауын кеңінен түсіндіріп өтті. Шара барысында Президентіміздің жолдауында айтылған ел игілігі жолындағы жауапты жұмысты бірге атқару жастарға кеңінен насихатталды. Сондай-ақ, жиналғандар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, сұрақтарына жауап алды. Жастар «Жаңа Қазақстанның» келешек келбетін қалыптастыруда. «Жаңа Қазақстан» дегеніміз – барлық адамға тең мүмкіндік беру, экономика мен саясаттағы жасанды монополияларды жою, елдің саяси өміріне белсене араласатын мықты азаматтық қоғамы бар тиімді әрі өркениетті мемлекет құруға әрбір жасты өз үлесін қосуға шақыру.