Шымкентте бала құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысына кіріскеніне 2 айға жуықтады. Осы мерзім ішінде оннан астам арыз-шағым келіп түскен. Олардың басым бөлігі денсаулық және білім саласына қатысты туындап отыр. Бұл туралы үшінші мегаполистің бала құқығы жөніндегі уәкілі Жанетта Жазықбаева мәлімдеді. Еске салсақ, бұдан былай елдің барлық өңірінде бала құқықтары жөніндегі омбудсмендер жұмыс істеп жатыр.
Бала құқықтары жөніндегі омбудсмендердің мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт және халықты әлеуметтік қорғауұйымдарына кедергісіз кіретіні белгілі. Ал қарапайым халық болса уәкілдердің жұмысынан үлкен үміт күтетінін жасырмайды.
— Қазіргі балалардың ойлары да, тәртібі де ерекше. Кей отбасыларда бұзылады, кей отбасында бала құқығы керісінше тым жоғары. Сондықтан әрине заң жүзінде болса ол дұрыс деп санаймын.
— Әрине жұмыс істеген дұрысқой, ата-ана болғансоң құқығын қорғаған дұрыс. Өзім балам үшін өліп кете жаздаймын. Құқығын да, таңдауын да сақтаймын. Ата-анамен жұмыс істеген дұрыс шығар негізі,- дейді тұрғындар.
Расымен де омбудсмендердің көмегіне тек балалар ғана емес, ата-аналар да жүгіне алады. Уәкілдер бала құқығының тапталмауын қадағалап, келген арыз-шағымдарды тексереді. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қоғамдық негізде жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Иә, ана мен бала құқығы қоғам үшін қашан да өзекті. Ал, елімізде сол аналар мен олардың балаларының құқығын қорғау мәселеде мемлекет бей-жай қалған жоқ. Мәселен, 2006 жылдан бері елімізде балалар құқығы жөніндегі уәкілеттік жұмыс істейді.
Бүгінде, еліміздің жеті облысында бала құқықтары жөніндегі омбудсмен тағайындалды. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен заңгерлер бар. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше арнайы уәкілдер барлық өңірде болады. Олар баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштер мен шағымдарды қарайды. Сондай-ақ қоғам белсенділері балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын жетілдіруге қатысады. Шымкентке жаңадан тағайындалған омбудсмен бүгінде жұмсына білек сыбана кіріскенін айтады. Ата-аналардың өтініші бойынша бірқатар шарада қолданылыпты.