Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында іс-шаралар өтуде. Аталған жобаның мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес — өзекті мәселе. Сыбайлас жемқорлықпен күресте, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына деген сенімін нығайту бүгінгі таңдағы басты міндет. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып саналады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тақырыбы аясында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда арнайы семинарлар, дөңгелек үстелдер мен байқаулар өтуде. Атап айтқанда үздік шығармалар мен мақалалар байқауы, «Парасатты отбасы-2022» онлайн байқауы ұйымдастырылуда. Оған қомақты жүлде қоры қарастырылған. Байқауларды өткізу мерзімі 10 қарашаға дейінгі уақытты құрап отыр.
Байқау қатысушыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен азаматтық ұстанымдарына мән беріледі. Сондай-ақ, балалары қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын, спорт немесе өнермен шұғылданатын, ата-ана тәрбиесін қоғамдық өмірде көрсете алатын, көптеген әдеби-публицистикалық әдебиеттерден хабардар болуы тиіс.
Сыбайлас жемқорлық — заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Жалпы, мұндай іс-шаралар әр мемлекеттік салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын нәтижелі жүргізуге, әр азаматтың құқықтық мүддесін қорғауға, алдын ала жемқорлық іс-әрекеттерден қорғауға, мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.