Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Күшті аймақтар. Күшті Ел» тақырыбында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам.» атты Қазақстан халқына жолдауы талқыланды. Жиынға Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы және оқырмандары, Қожа Ахмет Йасауи кесенесін қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж. Алимов, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ғылыми орталығының төрағасы, түркітанушы ғалым З.Жандарбек қатысып, кітапхананың ақпараттық библиография бөлімінің маманы Ш.Байжигитова баяндама жасады.
Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады,- деді Президент өз жолдауында. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады.
Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіру ұсынылды. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.
Баяндамаға өз пікірін білдірген кітапхана директоры Ж.Шардарбекова Президент жолдауында қоғамымыздағы өзекті мәселелерге ерекше тоқталғанына назар аударды.