Ұрпақ тәрбиесі – қай заманда болмасын қоғам назарынан тыс қалған емес. Мемлекеттің тұтқасын сенімді қолға тапсырып, болашаққа нық қадам баса алатын бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру, білікті маман дайындау ісі баршаға ортақ міндет екендігі даусыз.
Десек те, бүгінгі көз ілеспес жылдамдықпен дамып отырған технологиялар заманында ғаламторға деген тәуелділік пен идеологиялық айқас дәуірінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты түйіні тарқатылмай отырған мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – оң мен солын, жақсы мен жаманды толық ажыратып үлгермеген жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық әрекет.
Кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қатысты жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, түнгі уақыттарда ата-анасынсыз үй-жайынан тыс жерлерде – компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда болуларына тыйым салу, отбасындағы зорлық-зомбылыққа, жасөспірімдер арасында аутодиструктивті мінез-құлықтың алдын алуға, келеңсіз оқиғаларды болдырмауға, кәмелет жасқа толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық пен ерте жүктіліктің, алдын алуға, анықтау және оны болдырмауға, білім беру мекемелерінде ақша, басқа да бағалы заттар жинау, қорқытып алушылық деректерін түпкілікті жою мақсатында Жетісай аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімше инспекторлары мен аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің мамандары тарапынан Жетісай Ауданы Тұран Мектеп-гимназиясында «Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға аталмыш мектептің жоғарғы сыныптарынан 50-ге тарта оқушы қатысты.
Шара барысында сала мамандары жасалған әрбір қылмыс пен құқықбұзушылықтың зардаптары мен оларға қатысты қолданылатын жаза түрлерін түсіндіріп, қойылған сұрақтарға жауаптар берді. Оқушылар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді бірге талқылап, тәртіп пен талапты қатаң сақтауға шақырды.