Мақтаарал ауданында ұстаздардың мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті. Іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, білім саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне ыстық ықыласын жеткізіп, құрмет көрсетті.
«Білім ордасы – мектеп жас ұрпақты тәрбиелейтін киелі де қасиетті мекен. Ал, сол мектептің негізгі тірегі – білімді де, білікті ұстаз. Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару — Сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше» — деді Бақыт Насырханұлы.
Қоғамның басты байлығы — адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деген дана Абайдың сөзін аудан басшысы қоштады. Сондай-ақ, тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріне алғысын білдіріп, бір топ ұстаздарды арнайы алғыс хатымен марапаттады.
«Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы бағаланатын болады», деген Елбасының сөзі жайдан-жай айтылмаса керек-ті. Себебі мемлекеттің мерейін өсіріп, мәртебесін арттыратын адам болса, сол адамды маман қылып шығаратын, шынықтыратын мектеп. Білім мен тәрбиенің тал бесігі. Осы бесікті тербетіп, ақылын аямайтын, шәкіртін аялайтын ұстаздар десек жалған болмас.Ұстаз мәртебесін көтеру – бүгінгі қоғамның негізгі міндетіне айналды. Өйткені, ұстазды ұлықтау, оның ұлт тәрбиесі жолындағы ерен еңбегін бағалап, мерейін өсіру маңызды-ақ.
Іс-шара барысында облыстың мәслихат депутаттары Ұлжанат Жұрымбетова, Жарқынбек Қанаев, Ойрат Мамыровтар сөзге шығып, құттықтауларын арнады. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев, ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаевтар жеке дара сөз алып, ізгі тілегін арнап, белсенді еңбегімен көзге түскен ұстаздарды марапаттауды жалғастырды.
Салтанатты кеште өнерлері өрге жүзген оқушылар ән айтып, би билеп, ұстаздарға деген ақындық жырларынан шашу шашты. Қалың көрермен дарынды оқушылардың өнерлеріне қошемет көрсетті.
Барлық ғұмырын ел болашағы үшін, білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаздар еңбегі ұшан-теңіз. Саналы ғұмырын ұрпақпен сабақтастырып, ел ертеңі жолында аянбай тер төккен ұстаздарға деген құрмет өлшеусіз.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы 56 білім беру ұяларында 4 мыңнан астам мұғалімдер жұмыс істейді.
2000