Ұлы даланың тұғыры – Түркістан, ал тұғырнамасы-Тәуелсіздік болғаны анық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құрудағы ұстанымы тың бетбұрысқа бастайтын бірегей бастама ретінде қабылданды. Бұл стратегия «Аманат» партиясының жаңа саяси тұғырнамасының негізгі идеологиясына айналады.
Асхат Раздықұлының төрағалығымен өткен «AMANAT» партиясының Саяси кеңес отырысы өтті. Жиында партияның кезектен тыс XXIV Съезінің күн тәртібі талқыланып, 5 мәселе қаралды.
Съезде алдымен ҚР Президенттігіне кандидат ұсынылады. Партияның жаңа Саяси тұғырнамасы қабылданып, Жарғыға өзгерістер енгізілмек. Мұнан бөлек, Съездің жұмыс органдары да пысықталып, тиісті қаулылардың күші жойылады.
Бөлініп бөріге жем болған, бірігіп ғана ел болған атамыз қазақ «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар?!» деген ұран сөзді ұрпағына аманаттады. «Біз Асан Қайғының Жерұйығы мен Әл-Фарабидің ізгі қоғам идеясын, Абайдың толық адам концепциясын, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның ағартушылық миссиясын, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтамыз». Дәл осылай жазылған тұжырымдама еліміздің ендігі бастамасын анық айқындап тұр.
Саяси ұйым — заман көшінен қалмай, озық ойлы орта, өркениетті қоғам қалыптастыруды көздейтіні айтылып та, дәлелденіп те келеді. Әр азамат адал еңбекпен көздеген асыл мұратына жете алатын бақуатты мемлекет құру – біздің негізгі мақсатымыз. Бұл демократиялық құндылықтар Мемлекет басшысының «Еңбек адамы – қоғамдағы ең сыйлы адам болуы керек» деген қағидасымен ұштасады. Біздің партиямыз әрқашан әлеуметтік әділдік жағында. Іске асатын реформалар аясында әлеуметтік ұстанымдағы мемлекет құру бағыты таңдалды. «Ауыл – Алаштың алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының күретамыры» деген қағидамен аталған саланы дамытуға басымдық беріледі. Ел аманатын арқалау біз үшін міндет.
Ұлт болашағы – ұрпақта. Партиян әрқашан әлеуметтік әділдік жағында. Саяси құжатта демографиялық өсім мен балаларға барынша жағдай жасау – басты міндет ретінде көрсетілген. Бұл 2 миллион 200 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан облысы үшін ерекше маңызға ие. Біздің өңірде 170 мыңнан аса көпбалалы отбасы бар. Соңғы екі жарым жылда 153 мың сәби дүниеге келді. Ата дәстүрге берік түркістандықтар Отанды сүюді, елге адал қызмет етуді отбасындағы тәрбие мен ұлттық тағылымның жемісі деп біледі.
Сондықтан “Біздің Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік” ұстанымын қолдай отырып, жауапты сәтте бірге жұдырықтай жұмылсақ алынбайтын қамал жоқ,-дейді кеңес отырысына қатысушылар.