Бағзы өркениеттердің шежіресі жайлы сөз бола қалса Түркістан шаһары еске түседі. Небір тарлан тарихтың куәсі болған осы бір борықты жұрт ежелден құтты мекен екені мәлім. Байырғы жібек жолы бойына орын теуіп, заманының сауда-саттық дамуын қалыптастырып, экономикасына өлшеусіз үлес қосқаны бар-ды. Міне, осы кезеңдерде небір өркениет ошақтары бой көтергені тарихтан белгілі. Солардың ең шоқтығы биік, даңқы жер жарғаны XVI ғасырлардағы шығыс моншасы.
Біздің арыдан толғап отыруымыз өзіндік себептерге толы. Уақыт тілі біздің ғасырға жеткенде ежелгі шығыс моншасы орын тепкен топырақта заманауи шығыс монша ашылды. Бұл тарихи сабақтастық және осылай болуы заңды дүние. Елінің өткен тарихын қадірлеп, тіпті терең түгендеп отыратын ұлт үшін жауапкершіліктің бір парасы ғана.
Іргетасы өткен жылы қаланып, жоспар бойынша 2019 жылдың қазан айында толық аяқталуы тиіс заманауи шығыс моншасы пайдалануға берілді. Елдегі карантин жағдайының аяқталуына қарай ел игілігіне жұмыс жасайтын болады. Бұл құрылыстың ерекшелігі тарихи сәулет үлгісін пайдалана отырып салынған. Анықтап айтқанда, Республикалық маңызы бар ескерткіш саналып, кесененің оңтүстік-батыс бетіндегі жартылай жер астына орналасқан тарихи шығыс моншасының көшірмесі.
Енді осы екі моншаны салыстыра баяндап көрейік. Түпнұсқада кіреберіс дәлізден басталады. Атқаратын рөлі киініп-шешінуге арналған бөлме. Орта Азиялық кірпіш қалау әдісі «балхымен» кірпіштерді тік қалау арқылы, төрт «желкеннен» тұратын күмбезді барабан немесе арка қолданбастан төрт бұрышты қабырғаның үстіне орнатқан. Осы жердегі ең көрнекті орын – орталық жуыну бөлмесі болып саналатын. Онда 8 қырлы софа, 8 бұрышты ең үлкен бөлме бар. 8 қырлы қабырғалары жоғары қарай күмбезге жалғасады. Тағы бір айтуға тиісті жер ыстық су бөлмесі десе де болады. Кәдімгі монша ошағына жақын орналасқан ең ыстық бухана есебінде. Арнайы қойылған қазан арқылы сырттан жағылатын оттан ысыған суды ожаумен алуға ыңғайлы етіп жасалған. Содан кейінгісі салқын су бөлмесі деп аталады. Жаңағы ыстық бөлмемен қабырғалас орналасқан салқын бөлме. Сонымен бірге бірнеше адамға қатарынан массаж жасауға болатын массаж немесе уқалату бөлмесі де бар. Соңғысы тазалық бұрыштары болып, орталық жуыну бөлмесінің оң жағынан жасалған ерекше қуыс бөлмелер. Адамдар оңаша отырып, қырынып, тырнақ-шаштарын қырқып тазалануына арналған.
Заманауи монша ішіне көз жүгіртейік. Аумағы 3000 шаршы метрден астам жерді алып жатыр. Оң және сол екі бағыттан ішке кіруге болады. Кіреберіс бөлмеде қабылдау орталығы орналасқан. Мұнда ер мен әйелдерге арнаулы бөлмелер (ішкі құрылымы бірдей) қарастырылған. Сол бөлмелердің ішіне аяқ басатын болсаңыз киініп-шешінуге арналған, түп нұсқадағы дәліз қызметін атқарып тұрған орын кездеседі. Киім мен керекті заттарды сақтауға арналған 45 сөре және отыруға 13 орындық қойылған. Ары қарай ішке енсеңіз орталық жуыну бөлмесінің айнымаған өзі жолығады. Орталықта көлемі үлкен дөңгелек жуыну орны, төбесінде күмбез, қоршай 8 қырлы су алу орны жасалған. Ендігі кездесетін бөлмелер атқаратын қызметіне қарай массаж, хамам, бассейн, душ, себезгі, сауна, демалыс, шайханалар (шығыс үлгісіндегі тамақтар шығарылады) деп кете береді. Бұл форманы ежелгі моншадағы ыстық су, салқын су, массаж және уқалау бөлмелерінің ұқсатылған баламасы десек болады.
Ендігі бір ерекше түс алған тазалық бұрыштары ретінде заманауи моншадағы шаштараз орындарын айта кеткен жөн. Соңғы үлгіде жұмыс жүргізетін орын ер мен әйелдер сұранысын толық қанағаттандырады немесе көңілден шығады деп күтілуде. Сондай-ақ, сәл ұқсамайтын жерлері де бар деп айтуға негіз бар. Сөзіміздің дәлелі ретінде заманауи шығыс моншасындағы жеке бөлмелер мен VIP залды айтқан жөн. Моншада екі жеке бөлме бар, ал пар, душ, демалыс бөлмелері бір-бірден орналасқан. VIP бөлмеде екі пар, екі душ, екі кең демалыс орны ойластырылған. Әрқайсысында жеке-жеке асханалар (шайхана) жұмыс жүргізіп отырады.
Сонымен қатар сумен қамтамасыз ету жүйесі толығымен автоматтандырылып отыр. Моншаның аумағын көгалдандыру жұмыстары да ұмыт қалмаған. Шеңбер формасында 8 орындық қоқыс жәшігімен қойылып, 4 жерден екіден гүл өсірілген орындар салыныпты. Төңірекке шөптер өсіп, шыршалар егіліп, жарық бағаналары қойылса, арнайы автотұрақ орыны жұмыс жасайды екен.
Қорыта келгенде, Қызылорда облысының Түркістанға тартуы болған атаулы құрылысы тарихты көз алдыңа алып келеді. Ежелгі шығыс моншасын тірілткен керемет жобаға қызыға да, таңғала да қарайсың.
Үмітбек БАҒДАТ.
yassy-tur.kz