Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтсақ, қамқорлық бағдарламасы бойынша іс-шаралардың орындалуы, ҰБТ-ға дайындық барысын талдау мәселелері, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы мәселелері тыңдалды.
Күн тәртібі бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Бурибаеваның мәлімдеуінше Түркістан қаласы бойынша «Қамқорлық» бағдарламасы негізінде өмірлік қиын жағдайдағы әлеуметтік жағдайы төмен 161 отбасы анықталған. Осы отбасыларды өмірдің қиын жағдайынан шығару үшін сүйемелдейтін 122 куратор әрбір отбасына бекітілген. Оның ішінде 13 отбасы апаттық, 39 отбасы дағдарыс, 109 отбасы қанағаттанарлықсыз жағдайдағы санатқа енгізілген. Осы аталған отбасылардың әлеуметтік мұқтаждығын, оны шешу жолдарын анықтау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік карта түзілген. Нәтижесінде әлеуметтік жағдайы төмен 161 отбасы құрамында 913 адам бар. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар саны 618, жұмыссыздар – 40 адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 23 адам, жұмыспен қамтылғандар – 57 адам, 3 жасқа дейінгі бала күтімінде – 80 адам, зейнеткер – 5 адам, мүгедектер – 58 адам, (1 топ – 17, 2 топ – 20, 3 топ – 13, 16 жасқа дейінгі мүгедек – 8), студенттер – 32 екен.
Еңбекке қабілетті 60 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде тұрақты жұмысқа – 32 адам, қоғамдық жұмысқа – 24 адам, грант алу үшін – 1 адам, қайта даярлау – 1 адам, жастар тәжірибесіне – 2 адамды құрап отыр. Ал, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық саласы бойынша көмек қажет отбасы саны – 53 құраса, үй кезегіне тіркелгендер – 38 отбасы, тұрғын үйін ағымдағы жөндеуді қажет ететін – 10 отбасы, жеңілдікпен табиғи газ орнату 5 отбасы, медициналық әлеуметтік көмек алуға – 37 адам мұқтаж екен. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 117 отбасына тағайындалған. «Қамқорлық» бағдарламасы аясында қала әкімдігіне қарасты бөлімдер тарапынан 18 отбасына азық-түлікпен 330 000 теңге, қатты отынмен 87000 теңге, қаржылай көмекпен 55000 теңге, несиесін өтелген соммасы 70000 теңге материалдық көмек көрсетіліпті. Сонымен қатар, адами капиталды дамыту бөліміне қарасты жалпы мектептер тарапынан 36 отбасына азық-түлікпен 752000 теңге, 13 отбасына қатты отынмен 161000 теңге, 44 отбасына киім-кешекпен (403500) және 11 отбасына 140000 теңге қаржылай көмек көрсетілгенін жеткізді.
Жеке кәсіпкерлер тарапынан 14 отбасына азық-түлікпен 1047000 теңге, коммуналдық қызметтерді өтеу үшін 30000 теңге және қаржылай көмекпен 6 отбасына 278000 теңге көмек көрсетілген. Сонымен бірге, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары тарапынан 7 отбасына 390000 теңгеге азық-түлікпен, 1 отбасына қатты отынмен 15000 теңге, қаржылай 1 отбасына 110000 теңге көмек жасалған. Төтенше жағдайға байланысты «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша тізімге енген 161 отбасына «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында әр отбасына 50000 теңгеден жалпы 8050000 теңге қаржылай көмек көрсетілгендігін атап өтті.
Бұдан соң адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы А.Батырбекова ҰБТ дайындық барысы туралы баяндады. Сонымен бөлім басшысының хабарлауынша ҚР Білім және ғылым министрлігімен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидасына сәйкес, 2020 жылдың 20 маусым – 5 шілде аралығында өткізіледі. Биыл тестілеудің өткізу форматында өзгеріс жоқ. Ұлттық бірыңғай тест Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің тест орталығында жылдағы дәстүрге сәйкес өтпек. Сонымен қатар, 2020 жылғы тестке қатысушылардың құқығы мен психологиясына кері әсерін тигізбеу мақсатында ҰБТӨП-дегі металіздегіштер, рамалы металіздегіштер және бейнежазу камералары On-Line режимінде жұмыс істеп, барлық аудиториялардың тестілеу барысы компьютерге үздіксіз жазылып отырады. ҰБТ-ның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ҰБТӨП-де тестілеу барысы онлайн-тікелей эфир арқылы көрсетіліп тұрады. Сонымен қатар, індетке қарсы сақтық шаралары да күшейтіледі. Әр аудиториядағы тестілеуге қатысушылар саны 2 есеге азаяды. Биыл қаламыздан ҰБТ-ға 32 мектептен 1150 бітіруші түлек қатысады. Оның 966-сы қазақ тілінде, 185-і орыс тілінде тест тапсырады. Бөлім басшысының мәлімдеуінше биылғы ҰБТ-ға толық 100 пайыз дайын екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар, жиналыста инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің басшысы Н.Жарасов қала аумағын газдандыру бағытында атқары-лып жатқан жұмыстары туралы қосымша баяндама жасады. Жиын соңында қала әкімі Рашид Аюпов жиналыстың күн тәртібінде қаралған мәселелерді саралай келе, адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы А.Батырбековаға облыс орталығы ретінде қаламыздың бітіруші түлектері ертеңгі өтетін ҰБТ-дан облыс бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізу керектігін нықтап тапсырды.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.