1991 жылы 6 маусымда Елбасының Жарлығымен Түркістан Мемлекеттік университеті ашылып, оған ойшыл, ағартушы, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілді. 1992 жылы 1 мамырда Қазақстан және Түркия Үкіметтерінің арасындағы келісім бойынша аталған университет түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық қазақ-түрік университеті ретінде бой көтерді. Бұл ұлы істің басында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркияның сол кездегі Премьер-министрі, кейін Президенті болған Сүлеймен Демирел болды. Халықаралық университетті құру туралы бауырлас екі ел арасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков, ал Түрік Республикасы үшін Сыртқы істер министрі Хихмет Четин қол қойды. Сөйтіп, Түркістанда түркі әлеміндегі алғашқы халықаралық оқу ордасы ашылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев еңселі оқу ордасы жайлы: «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістанды түркі дүниесінің ортақ білім шаңырағына айналдырады»,- десе, Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоған: «Университетке есімі берілген Қожа Ахмет Ясауи Түркістаннан Анадолыға және Балқанға дейін созылып жатқан кең байтақ алқаптың рухани шамшырағының бірі» деген болатын.
Мақала тақырыбына түсінбеушілік танытуы заңдылық. Ендеше, бұл жөнінде түсініктеме беріп өтейік. Қала тұрғыны К.Алтынбеков «Түркістан» газетінің 1992 жылы 3 сәуірде жарық көрген №12 санында «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Болашағы жоқ университет» атты мақаласына орай өз пікірін білдірген.
Оқырман «Іріген ауыздан…» атты мақаласында тұжырымды ойын: «Көш жүре түзеледі деген даналық бар. Қазақ Республикасының тәуелсіз мемлекет болғанына екі-үш айдың жүзі ғана болды. Тәуелсіз мемлекеттің ұлттық оқу орны болса оның несі айып, көңілі таза ақ ниетті әрбір жан бұған қуанбаса ренжімейді. Тек Көшекаев секілді пиғылы бөтен жандар ғана өзге ұлттың болғанын көре алмай, әр жерден машинаға үрген иттей шәуілдеп шаңқауып қала бермек. Мұндайларға халқымыз «Ит үреді, керуен көшеді» деп әдемі теңеу айтқан»,-деп жеткізген.
Осылайша болашағына деген үміт сәулесін күмән торлаған жоғары оқу орны отыз жылға жуық уақыттың ішінде егемен елімізбен бірге өрлеу кезеңін бастан кешірді. Ал, биылғы 2020 жылдың басындағы басты жетістігінің бірі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ерекше мәртебеге ие болуы. Әрине таңдаулы оқу ордасының абыройының асқақтауы шаһарымыз үшін үлкен олжа. Негізі Түркістан десе қазақстандықтардың көз алдына Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және халықаралық қазақ-түрік университеті елестейтіні рас. Тіптен бұл ұғымдарды «Түркістан бренді» деуге әбден жарасады.
Қазақстандықтардың сеніміне ие болып, мемлекетімізді басқару ісіне кіріскен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш сапарын Түркістан қаласынан бастаған болатын. Бұл тарихи күндегі тарихи сәт университет абыройын тағы асқақтатса керекті.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев университет ұжымымен кездесуінде «Біз университет мәртебесін көтермей, Түркістанды көтере алмаймыз» деген болатын. Яғни, оқу ордасының маңыздылығын атап өткен өңір басшысы потенциялы жоғары оқу орнының ұжымына сәттілік тілеп, зор сенім білдіретіндігін жеткізді.
Университет мақсаты – түркітілдес мемлекеттердің жастарын бір шаңырақ астында топтастырып, сапалы білім бере отырып инновациялық оқыту мен ғылыми зерттеулерде көшбасшы болу. Бүгінде Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Болатбек Абдрасилов басқарып отырған оқу орнында бакалавриат, магистратура, резидентура мен докторантура бойынша 11 факультетте 10 мыңға жуық шәкірт білім алуда. Білім ошағында әлемнің 19 мемлекетінен 40-тан астам ұлыстар мен ұлт өкілдерінің 1500-ден астам жастары білім алуда. Ал, университет ашылған жылы студенттер саны небәрі 332 болған. Оқу дәрістерін 73 ғылым докторлары мен профессорлары, 62 философия докторлары (PhD), 262 ғылым кандидаттары мен доценттері, 122 ғылым магистрлері жүргізуде. Оның ішінде Түркия Республикасынан келген профессорлар мен қызметкерлер саны – 35. Жалпы алғанда оқытушы-профессорлардың саны 1100-ді құрайды.
Іргелі оқу ордасында Мекемтас Мырзахметұлы, Рахманқұл Бердібай, Тәкіжан Ағдарбеков, Қажыбек Бекбосынов, Рахима Жұбатырова тәрізді елімізге танымал белгілі ғалымдар мен әдебиет, өнер майталмандары, халық әртістері дәріс оқыған. Газетіміздің 1992 жылдың 20 қарашасындағы №45 санында «Халықаралық қазақ-түрік университеті бүгін және ертең» тақырыбымен жарық көрген мақалада тілші Б.Қаратайұлы университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, профессор Болат Байтанаевпен сұхбаттасқан-ды.
Профессор Болат Әбішұлы жүздесуде: «Егеменді еліміздегі оқу орындары арасында тұңғыш рет мұғалімдерді келісім-шарт жасау арқылы жұмысқа қабылдау жүргізілді. Атақ-даңқына, білім дәрежесіне қарай жеңілдік пайдаланған ешкім жоқ, бәрі бірдей ректормен белгілі мерзімге келісім-шарт жасап, сонда көрсетілген талаптар негізінде жұмыс істейді. Қазір 150-дей мұғалім болса, 20-сы ғылым докторы, профессор, жартысынан көбі ғылым кандидаттары, доцент, ғылым дәрежесі, еңбек тәжірибесі бар өз саласының мамандары. Қаржы мәселесін Қазақстан мен Түркия мемлекеттері бірлесіп шешетін болады. Университет қалашығының жобасы 1993 жылы толық аяқталып, бекітілді. Құрылысы 1994 жылы басталады. 375 гектар аймақты алатын қалашықтың ертеңін көзге елестету қазір ертегі сияқты болып көрінгенімен түркиялық бауырлар 3 жылда оны шындыққа айналдыратындықтарына сендіріп отыр»,- деген-ді.
Мұрағатқа тағы көз жүгіртсек, университеттің алғашқы ректоры, белгілі ғалым, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Мұрат Жұрынов газетіміздің арнаулы тілшілері Жәмила Керімбаева мен Болат Қожахметовке (1991 жылы 9 шілдеде жарияланған) берген сұхбатында университет ерекшелігін атап өткен. Профессор Мұрат Жұрынұлы өз мәлімдемесінде: «1991-92 оқу жылында университетте алты факультет: тарих, филология, заң, шығыстану, экономика және медицина факультеттері жұмыс істейтін болады. Мен айтар едім, университеттің ең басты ерекшелігі әрбір студент таңдаған мамандығына қарамастан кемінде үш тіл, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін білуге тиіс», – деген. Айтылған сөз аяқсыз қалмады. Бүгінде білімге құмар студенттер қосымша түрік тілін де үйренуге мүмкіндік алды.
Университет тарихында алғашқы ректор Мұрат Жұрынов (1991-2001 ж.ж.) болғандығын айттық. Оқу орнының президенті лауазымын жауапкершілікпен атқарған ректорлар жайлы сөз етсек. Атап айтқанда, Мұстафа Ырысұлы ректордың міндетін атқарушы (1995-1996 ж.ж.), Оразалы Сәбденов (2001-2003 ж.ж.), Серік Пірәлиев (2003-2008 ж.ж.), Лесбек Тәшімов (2008-2013 ж.ж.), Уәлихан Әбдібеков (2013-2018) жылдар аралығында басшылық жасады. Қазіргі уақытта ректор Болатбек Абдрасилов 2018 жылдың 12 маусымынан бері университет ұжымын басқарып келеді.
Түркістанда зиялы қауым өкілдерін қалыптастыру мен қала халқының мәдениетін көтеру тұрғысында да университеттің рөлі айрықша. Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған өнер бөлімі ретінде ұйымдасып, 2000 жылдың 9 наурызында Түркістан қалалық театры ашылған. Театрдың негізін салған Қазақстанның халық артисі Райымбек Ноғайбайұлы еді. 2017 жылдан бастап Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры болып аталатын өнер ордасы түркістандықтарға рухани азық сыйлап келеді. Университет шәкірттерінен құралған театр әртістері бүгінде үлкен ұжымға айналды.
Түркістан халқы мен өңір тұрғындарына қызмет көрсету мақсатында заманауи құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген халықаралық қазақ-түрік университетінің клиника-диагностикалық орталығы 2008 жылы 1 желтоқсаннан бастап жұмыс жасауда. Осылайша медицина саласын дамытуға үлес қосып отырған университет ішінен биылғы жылдың қаңтар айында стамотология клиникасы ашылды. Сонымен қатар, «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжі Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің филиалы ретінде 2006 жылы ашылды. Орта арнаулы оқу орнында 2019-2020 оқу жылында 946 студент 10 мамандық бойынша білім алуда.
Университетте 1995 жылдан бастап «Ясауи университеті» газеті шығады. Университет студенттерінің үні саналатын мақалалар қазақ, түрік тілдерінде жарияланып келеді. Газет – университеттегі тың жаңалықтармен, оқу процесіндегі әртүрлі іс-шаралармен, қоғамдық-саяси ақпараттармен ұстаздар мен студенттер қауымын таныстыруда. 2000 жылдан жұмысын бастаған YASSAWI FM радиосының да болашақ журналистерді даярлауға септігі мол болып отыр. Жиырма жылға жуық уақыт бойы оқу ғимаратында жағымды жаңалықтармен құлақтандырған радио 2019 жылдан бастап интернет-радио ретінде әуе толқынына шықты. Университеттің 4 қабаттан тұратын 540 орынға лайықталған кітапханасы білімгерлер үшін есігі ашық. Қазіргі таңда 7 оқу залы бар кітапханада 617 мыңға жуық кітап қоры бар.
Тәуелсіз Қазақстанда алғаш ашылған жоғары оқу орнында 14 оқу корпустары бар. Түркітілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие жалғыз білім ордасында жатақхана мәселесі жүйелі жолға қойылып, бір оқу жылында 400-ден астам білімгерлер студент алмасу бағдарламалары аясында шетелдік оқу орындарында оқиды. Сондай-ақ, аумағы 88 гектар жерді құрайтын университеттің ботаникалық бағы туралы да айтпай кету мүмкін емес. Ботаникалық бақта өсімдіктер интродукциясының экологиялық негіздері арқылы әбден зерттеуден өткен 127-ден астам декоративті ағаштар түрі өсіп тұр. Бүгінде университет маңындағы өсіп тұрған ағаш көшеттерінің барлығы ботаникалық бақта дайындалған көшеттер.
Ал, жоғары оқу орнының жеткен жетістігін тізбектесек ауыз толтырып айтуға әбден болады. Мысалы, білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша SCOPUS AWARD 2019» Халықаралық жалпыұлттық сыйлықтарын табыстау шарасы аясында университет «ЖЫЛ СЕРПІЛІСІ» сыйлығына ие болды. Әлемдік университеттер рейтингі тұрғысынан келсек, QS EСCA аймақтық рейтингі бойынша 2019 жылы әлемдегі 350 ЖОО арасынан 213 орынды, Webometric рейтингі бойынша Қазақстандағы 100 жоғары оқу орындарының арасынан 18-орын, ARES әлемдік рейтингінде 95 ЖОО арасынан 11 орында, ал ұлттық АРТА рейтингінде былтырғы 11-орыннан биыл 9-орынға жоғарылады.Ғылым ордасында білім алған студенттер мемлекетімізді дамыту жолында түрлі салада қызмет етіп келеді.
Ғылым ордасында білім алған студенттер мемлекетімізді дамыту жолында түрлі салада қызмет етіп келеді. Түркістан облысындағы мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың басым көпшілігі түркі әлемінің мәдени астанасындағы осы оқу ордасынан түлеп ұшқан десек қателеспейміз. Демек түлектер ел басқару ісінде де кенде қалған емес. Тарқатып айтқанда, көшті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков бастап тұр. Сондай-ақ, «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының директоры, талантты әртіс Нұржан Төлендиев, эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева мен Нұржан Қалжан Лондон олимпиадасының қола жүлдегері (еркін күрес) Ақжүрек Таңатаров, бокстан әлем чемпиондары – Мұхтархан Ділдәбеков, Біржан Жақыпов пен Бек Нұрмағамбетовтер киелі шаһар мен университет есімін республикаға қалаберді жер жаһанға танытқан жандар. Сонау 2000 жылы Қазақ елін әлемге танытқан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов та осында тәлім алғанын ел-жұрт білетін болар?! «Түркістан» газетінің бүгінгі бейнесіне айналған қаламы қарымды бірнеше журналистеріміз де дәл осы оқу орнында білім алғанын атап өткеніміз жөн.
Түркістанды дамыту үшін бой көтерген университет Елбасы Жарлығымен Түркістан облысы құрылған шақта өз пайдасын тигізді. Тарқатып айтқанда, Түркістанды түлету бағытындағы келелі кездесулер мен маңызды басқосулар оқу орнының ғимараттарында өтті. Әлі де мұнда Халықаралық ғылыми конференциялар, тағылымды әдеби кештер ұйымдастырылып әлеуметтік маңызға ие жаңа ғимараттардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенше жалғаса бермек.
Тілші түйіні: халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістан тарихындағы орны дараланған оқу ордасы екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Түрленген, гүлдей жайнаған Түркістанның жылнамасында өткені мен жеткені жағымды естеліктермен өрілген ХҚТУ тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректейін. Университет алдағы уақытта да облыс орталығының көркеюі мен ел дамуына үлес қосар талай тұлғалардың білім көкжиегін кеңейтері айдан анық. Бағыты айқын, мақсаты бекем оқу ордасының алдағы уақытта талай белестерді бағындырарына сеніміміз кәміл.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.
(yassi-tur.kz)