Түркістан облысында ауыл шаруашылығы нақты нәтиже беретін 3 бағытта дамуда. Ең алдымен, агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологиялар енгізілген.
Бұл бағытта Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптасыру аясында жаңбырлатып суғару технологиясы іске қосылып, қурап, бос жатқан жерлерге су келе бастады. «Жаңбырлатып суғару технологиясының тиімділігін ескере отырып, елімізде кеңінен ендіруді қажет деп санаймыз. Жаңа технологияны жолға қою, білек сыбанып осыған кірісу керек. Сала үш бағытта дамиды. Үлкен шаруашылық жасап, не орта шаруашылықпен жылына 2-3 өнім алуға болады. Болмаса, кішігірім үйдің іргесіндегі жерден де өнім алуға болады. Кейбір аудандарда бос жатқан, не тал жоқ, не егіс жоқ жерлер бар. Жұмыс істету керек, бос жатқан жер қалмау керек», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппарат мәжілісінде.
Өңірде 2-3 гектар алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу жобасын ендіру өз нәтижесін беруде. Жобаның тиімділігі – 1 гектардан жылына 6-7 млн теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік бар. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру. Бұл тәсіл – әлемде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден, экспорттаудан үздік елдердің бірі – Израиль мемлекетінде кеңінен ендірілген.
Айта кетелік, Түркістан облысында көктемгі егістік жұмыстары толығымен аяқталды. Шаруалар енді егістікті әртараптандыру мақсатында дәстүрлі мақта, масақ дақылдарын азайтып, олардың орнына көкөніс, мал азығы мен майлы дақылдарды көбейтуді қолға алған.
Түркістан облысы