Бүгін аудан әкімінің бастамасымен Манкент ауылдық округінде «Ауыл – Ел тірегі» жобасы аясында онкүндік іс-шаралар басталды. Аудан әкімі тұрғындармен кездесу барысында ауылдық округінде биылғы жылы онкүндік іс-шараларды қайта жалғастырудың маңызына тоқталды.
Уласбек Садибеков өз сөзінде: «Ауылдық округінде салаға қатысты өзекті мәселелер зерделеніп, қысқа мерзім ішінде оны шешу жолдары қарастырылатын болады. Іс-шараға кез келген тұрғын қатысады алады. Бекітілген жоспарларға қосымша ұсыныстар мен өзекті мәселелерді енгізуге болады. Онкүндік халықтың асар жолымен және демеушілігімен жүргізілетін жұмыстарға арналған уақыт. Берілген уақытты тиімді пайдалана отырып, ұтымды шешім шығаруға, нақты жұмыстарды атқаруға болады. Осы бағытта өткен жылы Манкент ауылдық округінде өткен онкүндік іс-шаралар жоғары деңгейде өтті. Тұрғындардың белсенділігі мен ұйымшылдығының, сонымен қатар кәсіпкер азаматтардың көрсеткен демеушілік көмектерінің арқасында айтарлықтай нәтижелі жұмыстар атқарылды. 2021 жылды қорытындылау кезінде ауыл округі жүлделі орынға ие болды. Бас жүлдеге лайықты жобалар іске асырылып, тындырымды тірліктер атқарылды. Алайда, осы орыннан көрінбей себебі де бар. Онкүндік іс-шаралардың жоспарына енгізілген мәселенің бірі меншік иелері тарапынан кәсіпкерлік нысандардың сыртқы қасбеттерін ретке келтіру. Аталған нысан иелеріне бірнеше рет түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, ешқандай нәтиже болмады. Ендігі ретте, барлық түйінді мәселелер бірлікпен шешіледі. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген дана сөзіне сай, сондықтан, құрметті жергілікті тұрғындар, бүгіннен бастап іс-шараларға белсенді қатыса отырып, ауылдың дамуына өз үлестеріңізді қосуға шақырамын!», — деді.
Кездесу барысында ауылдық округінің әкімі Абдугани Сайтмуратов онкүндік іс-шаралар жоспарына жалпы 24 мәселе енгізілгенін таныстырып өтті. Бекітілген онкүндік іс-шаралардың жоспарында ауылды абаттандыру, көркейту, көгалдандыру жұмыстарын қамтамасыз етуге мән берілген.
Аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы Мади Нурлыбаев ауылдық округінде 9 дербес бөлім тарапынан атқарылатын жалпы 54 іс-шараны таныстырды. Атап айтқанда, ауыл жастары және ересектер арасында волейбол спорт түрінен «Спорт бізді біріктіреді» атты турнирлер, «Жоғарғы Аққала» және «Сай» каналдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, облыстық бюджеттен қаржы қарастыру мақсатында құжаттарын толықтырып, заң талаптарына сәйкестендіру; тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін кезектілік тізімін реттеу, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстарын жүргізу, көшелердегі қажет ететін электр бағаналарын ауыстыру, жарықтандыру жүйесін ағымдағы жөндеу, газ құбырларын сырлап, ретке келтіру; Аққала ауылының оңтайластырылған бас жоспарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу, Абдикадиров көшесі бойында орналасатын инфрақұрылым жүйелері құрылысы (ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ) нысанын жоспарланған мерзімде тапсыру үшін құрылыс жұмыстарының сапасын және өндірістік кестеге сәйкес, орындалуын қадағалау, қаралған қаржыларын мерзімінде игеру; кедейлік шегін төмендету, халықты жұмыспен қамту және тағы басқалары.
Жиын соңында ауыл тұрғындары бірнеше мәселелердің шешімін табудың қажеттілігін жеткізді.
Айтылған мәселелер бақылауға алынып, заң аясында зерделеніп, тиісті жұмыстар атқарылатын болады.