Бүгін аудан әкімі Уласбек Садибековтің төрағалығымен әкімдік мәжіліс өтті.
Мәжілістен бұрын аудан әкімі аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалған Айтекева Алтынай Қалдарқызын көпшілікке таныстырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Күн тәртібінде аудандағы күл-қоқыс полигондарының жағдайы, аудан бойынша ауыз суға берешек қарыздарының мәселелері, Қарабұлақ ауылындағы сектордағы заңсыз құрылыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы қаралды.
Бірінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы аудан аумағында Қарабұлақ және Манкент ауылдық округтеріндегі қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондардың жағдайын баяндады.
Облыс әкімдігініңі қаулысына сәйкес, Қарабұлақ ауылдық округіндегі Қарабұлақ ауылдық округінде қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонды ашу үшін 6,5 га жер учаскесі бекітілген. Полигон 2015 жылдан бастап іске қосылған. Бүгінгі таңда полигон аумағы бөлініп, қоқыстарды орналастыру үшін 1,89 га жер учаскесі қалдырылып, жер учаскесіне мемлекеттік актісі алынған. Қалған 4,61 га жер учаскесіне қоқыстарды орналастыруға тыйым салынған. Қарабұлақ ауылындағы ҚТҚ тастайтын полигонды күтіп-ұстау жұмыстарын, аудан әкімдігінің қаулысымен құрылған «Таза ауыл» МКК-і тарапынан жүргізілуде.
Манкент ауылында ҚТҚ тастайтын полигон ашу үшін 1,03 га жер учаскесі қарастырылған. Қазіргі таңда «Манкент» ӨК-тің жеке меншігінде. Аталған полигон 2007 жылы іске қосылған.
Бүгінгі таңда қолданыстағы ҚТҚ тастайтын полигондар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бөлім тарапынан тескеру жұмыстары жүргізілді. Тексерудің нәтижесіне қарағанда, бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, полигонның кейбір бөлігі қоршалмаған, көлікті жууға арналған залалсыздандыру ваннасы жұмыс істемейді, көшеттер қураған немесе егілмеген, қоқысты өлшеуге арналған тараз орнатылмаған, қоқыстар тыйым салынған аймаққа орналастырылуда, полигон аумағына дейін тас жол төселмеген, қоқыстарды механикалық сұрыптау желісі орнатылмаған және тағы басқалары.




