Түркістан облысы, Келес ауданында құны 12 млн. долларды құрайтын күн электр станциясы салынады. Құрылыс жұмыстарын «UBS KZ» және «UBS Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Бұл жоба Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округі аумағынан іске аспақ. Ол үшін арнайы 50 гектар жер аумағы бөлінді. Аталған аймақта электр станциясының қазығын қағу рәсімі өтіп, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Абай Құланбай және Келес ауданы әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев шараға арнайы қатысты.
– Инвестициялық жобалар өңірдің экономикалық дамуын өрге тартады. Ауданымызға келіп, жаңа технологияларды енгізе отырып, ауданымыздың дамуына сеп бола білген инвесторларға ризашылығымды білдіремін. Жоба аясында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тұрғындардың сапалы электр қуатымен қамтуға қол жеткізбекпіз, – деді Алмас Икрамұлы өз сөзінде.
Бұл станция сағатына 20 мВт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Күн энергетикасы энергия көзінің сарқылмайтын түрі болып табылады, әрі экологиялық жағынан да еш зияны жоқ.
Күн энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғылардың бірі – Күн батареялары.
Күн энергиясын қолданысқа енгізу оңай емес. Ол ғылыми-зерттеу мен осы бағытта ерен физикалық еңбекті талап етеді. Сондай-ақ ауқымды инвестиция да қажет. Өйткені күн энергиясын алатын тиімді қондырғылардың құны да қымбат. Күн электр станциясы – экологиялық тұрғыда таза, дыбыссыз, қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы, оның үстіне өз құнын 100 пайыз ақтайтын тиімді қондырғы. Жұмыс істеу мерзімі шамамен 30 жыл.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




