Бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» ғимаратында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктерінің бірлескен отырысы өтті.
Алқалы басқосуға облыстық қоғамдық даму басқармасының және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшылық құрамы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдары: этномәдени бірлестіктер, Қоғамдық келісім, Аналар, Медиация кеңестерінің, Ғылыми-сарапшылық топ мен Журналистер мен блогерлер клубының жетекшілері мен мүшелері қатысты.
Келелі жиында сөз алған қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев өңіріміздегі бірлік пен тұрақтылықты нығайту, этносаралық келісімді жандандыру бағытындағы жұмыстарға және алдағы жоспарларға тоқталды.
– Биыл ең қастерлі құндылығымыз – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі. Еліміздің тәуелсіздік тарихы – татулық пен тұрақтылықтың, мызғымас бірліктің жылнамасы. Елдің бірлігін сақтау жолында облысымызда жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігінің қолдауымен келесі жылы Түркістан қаласында Достық үйінің құрылысы басталып, 2023 жылы пайдалануға беріледі. Онда туындаған мәселелерді практикалық тұрғыда талқылауға, этностардың береке-бірлігін арттыруға жан-жақты жағдай жасалатын болады. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең жоғары байлығымыз, ендігі ретте аудандар мен қалаларда медиация тетігін әлі де дамытып, жандандыруымыз қажет, – деді Аңсар Жаңабайұлы.
Жиын қатысушылары Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің, этносаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың облыс аумағында іске асуымен танысып, алдағы атқарылатын жұмыстар жайын тыңдады.
Аталған жиында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сарыағаш аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ергеш Исахов, Түркістан облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Гүлсара Тоққұлова, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жектекшісі Қайнар Қалдыбай, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кабинетінің меңгерушісі Дана Кенжеқұлова облыстық Ассамблеяның ұйытқы болуымен атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында баяндамалар жасады. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ары қарай жандандыру үшін бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды.
Сонымен қатар отырыста Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы болып Созақбай Әбдіқұлов бірауыздан сайланды.
Сондай-ақ іс-шара аясында басқармалар үйінен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктеріне арналған арнайы «Достық» кабинеті ашылды. Бұл ретте этнос өкілдері Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің қамқорлығына өз ризашылықтарын білдірді.